Қоқыс тастағанда сақ болыңыз! Істен шыққан ұялы телефон, тоңазытқыш пен ноутбуктардың қайта өңдеуден өткізілмеген қалдықтары қоршаған ортаға ғана емес, сіздің денсаулығыңызға да үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан электронды қалдықтарды тастау үшін Алматыға 32 контейнер орнатылды. Экобокстар қайда қойылды және оны кімдер пайдалана алады?
6-сынып оқушысы Жанель Асхат бүгін мектеп ауласында тұрған контейнерге жарамсыз болып қалған электронды қалдықтарын әкеп тастады. Айтуынша, экобоксқа бұған дейін де үйіндегі істен шыққан талай тұрмыстық техниканы тастаған.
«Мен бүгін ұялы телефон және басқа да электронды қоқыстарды әкеп тастадым. Олардың өте зиянды екенін біз химия пәнінен өткенбіз. Біз отбасымызбен бір апта ішінде жалпы салмағы 20 келіні құрайтын жарамсыз электронды заттарды алып келдік», – дейді Жанель АСХАТ.
Мегаполисте электронды қалдықтарға арналған контейнерлерді орнату жобасы қыркүйек айында басталған. Экобокстарға ұялы телефон, зарядтау құрылғыларынан бөлек, ескі теледидар, магнитофон, электрлік ойыншықтар мен істен шыққан үтік, компьютер, планшеттерді тастауға болады.
Контейнер толған соң оның ішіндегі қоқыстың салмағын өлшеп, ары қарай өңдеу базасына әкетеді. Алдымен электронды қалдықтың пластмассасы мен металы қолмен ажыратылады. Содан соң металды бөлек жинап, пластикті майдалайды. Әрі қарай қалдықтар қайта өңдеуге кетеді.
Экологтардың айтуынша, бармақтай ғана батареяның бір данасын «қате» пайдаланған жағдайда, 20 текше метр топырақ немесе 400 литрден астам ауыз су уланады екен. Ал адам ағзасына зияны одан көп дейді мамандар.
«Температура ылғал дейміз ғой және күн сәулесі, соның бәрі тек тіршілік иелеріне ғана емес, техникаға да әсер етеді. Ол техника жұмыс істемейтін болса өзінің зиянды қоспаларын шығара бастайды. Кейбіреулер ондай қалдықтар бәрібір қоқыс полигонына кетеді, өңдеудің не қажеті бар деп жатады. Алайда, сол зиянды заттардың бәрі жерге сіңіп кететінін ескеруіміз керек. Топырақ арқылы суға да таралады», – деді «ПромТехноРесурс» ЖШС қызметкері Пакизат САЙЛАУБЕКОВА.
Қазір Алматыда электронды қалдықтарға арналған 30-дан астам контейнер бар. Оның 29-ы қала мектептеріне қойылған. Енді қарашаның соңына дейін тағы 50 мектепке осындай контейнерлер орнатылмақ.
Ғалымдардың болжамы бойынша, заманауи технологиялар мен гаджеттерге тәуелділік артқан сайын, оларды тұтыну коэффициенті өсе бермек. Ал электронды қалдықтарды қайта өңдеу қоршаған орта үшін де ел экономикасына да тиімді болмақ.
Тоғжан Жалғасбекқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы