Алматының Алатау ықшамауданына жаңа автобустар қатынайтын болды

Алматының Алатау ықшамауданына жаңа автобустар қатынайтын болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Көптен күткен қуаныш. Алматының Медеу ауданына қарасты Алатау ықшамауданына енді жаңа автобустар қатынайды. Бұған дейін жолаушы тасымалдап келген қоғамдық көліктерге шағым көбейген соң, аудан билігі жаңа шағын автобустар бөлген.

12 мыңға жуық халық тұратын Алатау ықшамауданының тұрғындары енді қалаға жайлы әрі жаңа автобуспен қатынайды. Көптен бері көкейдегі мәселесі шешілмеген халықтың жанына қоғамдық көлік жетіспеушілігі қатты батқан. Ал бұған дейін қатынап келген №417 автобустың техникалық жағдайы нашар болғандықтан жолаушылар тарапынан шағым көбейіп кеткен. Тұрғындардың өтінішін ескерген әкімшілік 9 шағын автобусты іске қосты.

«Бүгін Медеу ауданы әкімшілігі Жолаушылар көлігі басқармасымен бірлесіп, 417-ші бағытты №117-ші бағытқа ауыстырып жатырмыз. Бүгінгі таңда тасымалдаушы компания – «Самат Транс» ЖШС мемлекеттік субсидия арқылы алған ақшамен жаңадан 9 автобус алып, тиісті бағытқа қосылды», – деді Алматы қаласы Медеу ауданы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Берік СОЛТАНБАЕВ.

Автобустарды жаңартуға 96 миллион теңге жұмсалып, 30 адам жаңа жұмыспен қамтылған. Енді №117 бағыттағы жаңа автобус Алатау ықшамауданынан «Саяхат» автовокзалы аралығында жолаушылар тасымалдайды. Қозғалыс жиілігі 14-15 минутты құрайды. Ал қоғамдық көліктердегі жолақы құны әдеттегідей, «Оңаймен» төленіп, барлық жеңілдіктер сақталады дейді автопарк басшысы.

«Қалаішілік бағыт болғандықтан, барлық жеңілдіктер сақталады. 75 жастан асқан зейнеткерлер тегін жүреді. Студенттер мен оқушылар үшін жолақы құны 40 теңге, жалпы жолаушылар үшін «Оңай» картасы бойынша 80 теңге. Жол құнын СМС-төлем бойынша да төлеуге болады», – деп түсіндірді тасымалдаушы компания басшысы Оразбек САБДЕНОВ.

Ал жаңа автобустардың қосылғанына елді мекен тұрғындары дән риза. Енді жайлы автобуста ешқандай қиындықтар туындамайды деп сенеді. 

«Бұрынғы автобустар ескі, есік-терезесі жақсы жабылмайтын, су, қар кіріп кететін, едені тесік болатын. Енді ол автобустардан құтылып, мынадай жаңа автобустар келгеніне қуанып жатырмыз», дейді жолаушылар.

Біз сөзге тартқан жолаушылардың бірі: «Мен осы жерде 1994 жылдан бері тұрамын. Бұрын біз «Саяхаттан» билет алып жүретінбіз. Автобустар жиі жүрмей қалатын, басқа да жол машақаты көп еді» десе, енді бірі: «Бүгінгі күн Алатау ықшамауданының тұрғындары үшін көптен күткен қуанышты күн болды. Автобус туралы арманымыздың орындалғаны қатты қуантты.Мен осы ауданда 40 жылдан астам уақыттан бері тұрамын, автобус қиындығын бір адамдай көріп келе жатыр едім. Енді ол мәселе де шешілді», – деп, қуанышты көңіл күйімен бөлісті.

Жаңа автобустар ертеңнен бастап жолаушылар тасымалдай бастайды. Айта кетейік, №117 шағын автобус таңғы 5:45-тен, кешкі 20:30-ға дейінгі уақыт аралығында қатынайды.  


Гүлшырын Серікқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров