Тал түбінен табылған бала ісі: Мұрат Асқароғлы өзін ақтауды сұрады

Тал түбінен табылған бала ісі: Мұрат Асқароғлы өзін ақтауды сұрады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Туған балама қиянат жасауға қолым бармайды». Алматыда өз ұлын таспен ұрып, жол бойына тастап кетті деп айыпталған әке осылай деп мәлімдеді.

Бүгін Мұрат Асқароғлының ісіне қатысты сот процесі басталды. 5 айдан бері қамауда отырып, тілшілердің алдына алғаш шыққан ол өзін ақтауды сұрады. Сотталушы баласын ұрмағанын әрі бұл қылмысқа мүлдем қатысы жоғын алға тартты. Сөзінше, оның ішімдікке де әуестігі мүлдем жоқ екен. Сондықтан ащы судың кесірінен ұлын ұрды деп болжау мүлдем қисынсыз дейді.

«Тергеушілер маған қысым көрсетті. Бір қоспа ішкізген соң, басым айналып, барлық кінәні өз мойныма алдым. Жедел іздестіру қызметкерлері үйімнен «тергеуге қатысуыңыз керек» деп алдап алып кетті. Сөйтіп, бірден қамады. Қоспа ішкізіп өздерінің ыңғайына қарай жауап алды. Бірақ мен кінәлі емеспін. Балам әу бастан оны қара көлік қақты деді. Егер мен оны ұрған болсам, балам мені іздемес еді ғой. Ол күнде мені сағынып, «Әкем қайда?» деп сұрайды екен», – деді сотталушы Мұрат АСҚАРОҒЛЫ.

Дегенмен, атышулы істің ақ-қарасы енді тек келер жылы анықталуы мүмкін. Өйткені, судья іс материалдарын «процессуалдық заң бұзылды» деп прокурордың қолына қайтарып берді. Оның үстіне, Асқароғлының қоғамдық қорғаушысы тергеу құжаттарымен мүлдем таныспаған. Осыны ескерген судья сотталушының қамақ мерзімін ұзартуды тапсырды.

Естеріңізге сала кетсек, осы жазда Шығыс айналма тас жолының бойындағы тал түбінде ес-түссіз жатқан 4 жасар бүлдіршін табылған болатын. Бастапқыда полицейлер баланы көлік қақты деген болжаммен, жоқ жүргізушіні ұзақ іздеген еді. Артынша, бүлдіршінді туған әкесі өлімші етіп ұрып, тағдыр тезіне тастап кеткен деген болжам жасалған болатын.


Новости партнеров