Алматыда есірткі заттарын сатып келген 90-ға жуық сайт бұғатталды

12.10.2018 22:49

Жыл басынан бері Алматыда есірткі заттарын саудалаған 90-ға жуық сайт бұғатталды. Ал синтетикалық есірткі заттарын сатып келген 300-ге жуық адам ұсталып, 80 келі есірткі заттары тәркіленіпті. Бұл ақпараттармен қалалық Ішкі істер департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалында өткен жиында бөлісті.

ІІД ресми өкілінің айтуынша, технология дамыған сайын есірткі затын саудалаушылар да жаңа тәсілдерге көшкен. Бұрын сатып алушылармен телефон арқылы тікелей байланысып жүрсе, қазір сайттар мен мессенджерлер арқылы саудалайтын болған. Енді құзырлылар «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, әлеуметтік желілер мен сайттардағы жарнамалардың жолын кеспек.

«Жыл басынан бері Алматы қаласының полицейлері есірткі заттарын саудалаған 80-нен аса арнайы сайт пен месенджерлерді әшкерелеп, олардың жолын кесті. Ал жалпы Қазақстан бойынша 1133 сайтқа тосқауыл қойылды», – деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Тәртіп сақшылары бүгін Медеу ауданында есірткі затын сатып алған азаматты қолға түсірген. Ер азамат осындай қылмыс бойынша бұрын жауапкершілікке тартылған болып шықты. Ол 5 мың теңгеге өзіне қажетті есірткі заттарын сатып алыпты. Қазіргі таңда осы есірткі затын саудалаған адамдар іздестіріліп жатыр.