Ұстаздар мәртебесі туралы заң қабылданса, жалақы да көтеріледі – вице-министр

Ұстаздар мәртебесі туралы заң қабылданса, жалақы да көтеріледі – вице-министр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елбасы айтқан «Ұстаздар мәртебесі» заңының қалай жүзеге асатынын Білім және ғылым министрлігінің өкілдері түсіндіріп берді. Құжат отандық ілім беруші қауымның жұмысы мен жеке өміріне айтарлықтай өзгеріс әкеліп, жалақыларын да біраз өсіреді. Бірақ маман айлығы өсу үшін ол тиісті талаптарға сай болуы керек. Тың өзгерістерге сеп болатын құжат пен қойылған талап қандай?  

Он жылдан артық ұстаздық етіп келе жатқан тарих пәнінің мұғалімі Қайрат Қарабалаұлы өз жұмысына ерекше ілтипатпен қарайды. Жалықтырмайтын сабақ беру ісіне тың серпіліс керек екенін баяғыдан сезген. Өйткені, білім саласындағы заң ескірді дейді. Мәселен, оқушы мен оқытушы арасында даулы жағдай орын алса, мән-жай анықталмай жатып, бірден ұстаз кінәлі болатынына қынжылады маман. Сондықтан Елбасы жолдауындағы «Ұстаз мәртебесі» заңы өте орынды деген ойда.  

«Мәртебені қорғау деген – заңмен қорғалу деген сөз. Қазір өздеріңіз байқап отырсаңыздар, қоғамда оқушылардың алдында мұғалім беделі түсіп кеткен сияқты. Барлығына кінәлі – мұғалім. Сондықтан ұстаз мәртебесін көтеру туралы заң қабылданса, онда мұғалімнің құқығы заңмен қорғалады деген сөз», – деді Астана қаласы №10 мектеп гимназиясының тарих пәні мұғалімі Қайрат ҚАРАБАЛАҰЛЫ.

Енді ұстаздар өз саласына қатысы жоқ саяси, қоғамдық істен босатылып, қағазбастылықтан арылады. Ең бастысы, Елбасы тапсырмасымен педагогтар, яғни тәрбиеші, балабақша меңгерушісі, мектеп директорлары мен орынбасарларының жалақысы келесі жылы 50 пайызға артады.

«Қарастырылып жатқан мұғалімдер мәртебесі заңы аясында мектеп директорларының, олардың орынбасарларының, сондай-ақ сынып жетекшілері мен ұстаздардың жалақылары жоғарылайтын болады, аталмыш қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді», – деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл АСЫЛОВА.

Маңызды құжат айтылған кезде еліміздің білім сапасын анықтайтын шетелдік сарапшылар Қазақстанға ат басын бұрды. Олар ұстаздардың жеке уақытын бағалап, халық алдында мәртебесін арттыратын заңды қабылдауларыңыз жақсы нышан дегенді айтты.  

«Мұғалімдер мәртебесі көптеген елдерде көтеріліп келеді. Қазақстан туралы айтарымыз өте көп. Мәселен, Ұлыбританияда мұғалімдер мәртебесі туралы шаралар қолға алынып, атқарылған жұмыстар өз жемісін берді. Сондықтан педагогтардың мәртебесі туралы заң қабылдау қажет. Ұстаздың ұлы міндетіне баға жетпейді», – деді «Білім жетістіктерін бағалау» халықаралық қауымдастығының төрайымы Анна-Берит КАВЛИ.

Ал Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов педагог мәртебесінен бөлек, баспана мәселесін шешуге кірісіп кеткен. Ол жыл соңына дейін үй алуға көмек болатын 100 сертификат табыстамақ. Болжам бойынша 1 миллион теңге көлеміндегі бастапқы жарнасынан ұстаздар қауымы да үмітті бола алады.

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров