«7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлерді үлестіруден облыстар арасында Маңғыстау облысы үшінші орынға шықты. Өңірде жаңа жобаның көмегімен 144 тұрғын баспаналы болыпты. Бұл туралы Ақтауда өткен облыс активінің жиналысы кезінде өңір басшысы Ералы Тоғжанов мәлімдеді.
Жиында халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселесі де талқыланды. Жолдауға қатысты жағымды жаңалықтар да жария етілді. Келесі жылдан бастап 28 мыңға жуық бюджет қызметкерлерінің жалақысы орташа есеппен, 35 пайызға өспек. Мұндай оңды өзгеріс мүмкіндігі шектеулі жандарды да қамтымақ. 25 мың мүгедектің жәрдемақысы артады. Осыған орай Ералы Тоғжанов әрбір мекемеге қызметкерлерінің жалақысын өсіруге қатысты тиісті есеп-қисапты экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына тапсырды.
«28 мың қызметкердің еңбек ақысы орта есеппен 35 пайызға өседі деген сөз. Сондай-ақ, 25 мың мүгедекке берілетін жәрдемақының мөлшері де көбейеді. Сол себепті әрбір бюджеттік мекеме өз қызметкерлерінің жалақысын көбейту бойынша тиісті есептерді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына тез арада тапсыруы қажет», – деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы ТОҒЖАНОВ.
Бұдан бөлек, өңір басшысы монополист компаниялардың тарифтерін реттеу бойынша да бірқатар тапсырма берді. Енді аймақтағы монополияға қарсы Департамент қалалық және аудандық әкімдіктермен бірлесе отырып, тұрғындардан жиналған қаражатты тиімді пайдалануын тексереді. Сондықтан монополистер мен Пәтер иелері кооперативтері ашық есеп береді.
Балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші аймақта 94 пайызға жуықтайды. Бұл былтырғыдан 6 пайызға көп дейді салаға жауаптылар. Жыл басынан бері 2 мың орындық 10 балабақша пайдалануға берілген. Ал жыл соңына дейін тағы 23 нысан бөбектерді қабылдауды жоспарлап отыр. Осылайша, балабақшамен қамту деңгейі өңірде 97 пайызға жетеді.
Дегенмен, облыста үш аусымды мектеп мәселесі толық шешіле қойған жоқ. Ақтауда 1, Мұнайлыда 2 мектепте сыныптар толып отыр. Ал Жолдау міндеттерін жүзеге асыру арқылы бұл да оң шешімін табада деген үміт бар.
Медициналық қызмет сапасын жақсарту да жолға қойылған. Сондай-ақ, осы саланы цифрландыруға да баса көңіл бөлініп отыр. Келер жылдың 1 қаңтарынан Маңғыстау облысындағы барлық емдеу мекемелері электронды құжат айналымына көшеді. 2020 жылға дейін өңір тұрғындарының электронды паспортын жасақтау мәселесі де басты орында тұрғаны белгілі болды.