«Алтынкөл» бекетінің кеденшілері 11 жылға дейін сотталуы мүмкін

«Алтынкөл» бекетінің кеденшілері 11 жылға дейін сотталуы мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кәсіпкерлерден ірі көлемде пара алып, елге контрабандалық тауарларды кедергісіз өткізген кеденшілердің бар мүлкі тәркіленіп, 11 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Ісі Алматыдағы мамандандырылған сотта қаралып жатқан кеденшілер тобына бүгін мемлекеттік айыптаушы осындай жаза тағайындауды сұрады. Әрі олардың өмір бойы мемлекеттік қызметте істеуіне тыйым салуды ұсынды. Сондай-ақ, прокурор күдіктілер кезінде кәсіпкерлерден сес көрсетіп, ірі көлемде пара күйінде алған қаржыны еселеп қайтаруы тиіс деп санайды.

«Сотталушы Қалдаманов пен Серғалиев өздеріне тағылған айыптар бойынша кінәларын толық мойындады. Олар қылмыстық топты кім, қашан және қалай құрғанын, қылмыстық топ құрамындағылардың рөлі қандай болғанын және кімнің қанша теңге көлемінде пара алғанын жасырмай айтып берді. Сотталушы Сазанбаев, Камал, Зайнидинов, Аташев және Оразов кінәларын тек ішінара мойындады. Ал сотталушы Болат Мурат кінәсін мүлдем мойындамады. Ол ешқандай қылмыстық топқа қатыспағанын және мүлдем пара алмағанын айтып отыр. Бірақ сотталушылардың барлығының кінәсі өздері және куәгерлер берген жауаптар негізінде, сондай-ақ айғақтаушы материалдардың көмегімен түгел дәлелденді», – деді мемлекеттік айыптаушы Ержан ТҰРСЫНҚҰЛОВ.

Еске сала кетсек, бұл қылмыстық топтың заңсыз әрекетіне биыл ақпан айында тосқауыл қойылды. Құзырлы орган өкілдері өткізген арнайы операция кезінде еліміздің кеден бекеттерінде контрабандамен айналысқан 8 қылмыстық топ ұсталды. Бұл топ – солардың бірі ғана.  

Айта кетсек, айыпталушы орындығындағы 8 кеденші 2 баппен сотталып жатыр. Олар ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған қатысқаны үшін және кәсіпкерлерді қорқытып, аса ірі көлемде бірнеше рет пара алғаны үшін айыпталған. Тергеу материалдарына сүйенсек, сотталушылар «Алтынкөл» кеден бекеті арқылы контрабандалық тауарларды заңсыз өткізген. Айналдырған бір айдың ішінде кәсіпкерлерден 20 млн теңгеге жуық пара алған көрінеді. Тапқан олжа барлығына бірдей бөлінгенімен, қыруар қаржыны қылмыстық топ жетекшілері Азиханов пен Қалдаманов қалтаға басқан дейді айыптаушы тарап. Айласына құрық бойламаған Азиханов қазір іздеуде жүрсе, сотталушы Қалдаманов бүгін сотта соңғы сөзін айтып кешірім сұрады.

«Өткеніме қатты өкінемін. Өзіммен бірге сотталып жатқан әріптестерімнің туыстарынан кешірім сұраймын. Бас маман ретінде мен оларды бұл былыққа араластырмауым керек еді. Лауазымды пайдаланып, сыбайлас жемқорлыққа жол бердім. Соның кесірінен олар да жаза арқалағалы отыр», – деді сотталушы Қалдаманов.


Новости партнеров