Алматыда «Номад жүрегінде» атты айрықша көрме ашылды

Алматыда «Номад жүрегінде» атты айрықша көрме ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тұңғыш Президент күніне орай, Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Номад жүрегінде» атты көрме ашылды. Көрмеде тасқа қашалған тарих пен суреттер ұсынылды. Қазақ елінің өткенімен мен бүгінін бейнелейтін көрме бір айға жалғасады.  

Жұбановтар әулеті қазақ рухани мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан. Алғашқы қазақ профессоры Құдайберген Жұбановтың, музыка саласында Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың есімдері елге етене таныс. Бейнелеу өнерінде өзіндік із қалдырған Акрап Жұбанов та бар. Ал қазіргі уақытта Санжар мен Жәнел Жұбановтар осы саланың биігін бағындыруда. Көркем көрмеге Жәнелдің 40-қа жуық, Санжар Жұбановтың 70-ке жуық еңбегі қойылған.

«Бұл көрменің ерекшелігі – байырғы көшпелі қазақ елінің тарихи таңбаларын сол кездегі ою-өрнектерді, дәстүрлерді осы тасқа таңбалап салған. Көрмені қала көрермендерінен өзге, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек те тамашалап, өзінің жоғары деңгейдегі бағасын берген болатын», – деді ҚР Ұлттық кітапханасының мәдени іс-шаралар бөлімінің қызметкері Таңжарқын УРМАНБЕКОВ.

Санжар Жұбанов өнердің бұл түрімен 7 жылдан бері айналысады. Алғашында хобби ретінде бастаса, қазір нақты жұмысына айналған. Түрлі таңбалар, түрік, сақ петроглифтерін тасқа қашайды екен. Бір жұмыспен 1 ай айналысамын дейді. Алдағы уақытта Қазақстан аймақтарының петроглифтерін жасау жоспарында бар.

«Маған идея таңбаларды бейнелеп бастаған кезде келді. Жұмысты аяқтаған кезде өте қызық процесс екенін түсіндім. Қазақстанның барлық аумағында петроглифтер кездестірдім. Осы жайлы кітаптар оқи бастадым. Археологтармен кездестім. «Жұлдызды графикалар» жасадым. Жалпы менің жандүнием аса сезімтал. Бұл өнердің мәні терең екенін түсіндім», – дейді суретші Санжар ЖҰБАНОВ.

Суреттерден бақытты балалық шақтың жарқын бейнесі сезіліп тұр. Отбасылық құндылықтар, тәлім-тәрбие айқын көрініс тапқан. Мұның барлығы Жәнел Жұбанованың қылқаламынан туған керемет дүниелер. Ашық түсті бояулардың үйлесімділігінен Жәнел қиялының ұшқырлығын аңғаруға болады.

«Мен бұған дейін натюрморт салумен айналысқан едім. Пейзажды ұнаттым. Балаларға сабақ бере бастаған сәттен бастап, олардың түрлеріне қараймын. Әртүрлі жастағы балалар. Тіпті, ата-анасы, әжесі жалпы отбасымен келетіндер де бар. Осылардың бәрі мені жігерлендірді. Заманауи өмір мен ұлттық құндылықтарды байланыстыруды мақсат еттім. Соның арқасында түрлі ою-өрнектерді үйрендім. Бұл көрмеге 2 жарым жыл дайындалдым», – дейді суретші Жәнел ЖҰБАНОВА.

Жәнел шетелдік байқаулардың да жеңімпазы. Алдағы уақытта шәкірттер тәрбиелеуді жалғастырмақ.  Суреттердің бәрінде мейірімділікті, адами құндылықтарды, қуанышты бейнелеуді мақсат етеді.  Айта кетсек, көрмені Ұлттық кітапханадан бір ай бойы тамашалауға болады.  


Гүлшырын Серікқызы, Влад Шишко, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров