Индонезияда цунамиден қаза тапқандар саны 300-ге жуықтады

Индонезияда цунамиден қаза тапқандар саны 300-ге жуықтады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Индонезияда цунами салдарынан қаза тапқандар саны 300-ге таяды. Ал 60-қа жуық адам із-түссіз жоғалып кеткен. Құтқарушылар апат болған аймақтарды әлі толық аралап біткен жоқ. Сондықтан алапат толқын құрбандарының саны әлі де артуы мүмкін.

Қайғылы оқиғаға байланысты бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Индонезия Президенті Джоко Видодоға көңіл айту жеделхатын жолдады. Елбасы өз сөзінде қаза болғандардың туыстарына көңіл айтып, орны толмас қайғыға ортақ екенін білдірген.

Бір сәтте тау боп келген толқын жүздеген индонезиялықтың өмірін осылай жалмады. Ява мен Суматра аралдарында құдды соғыс болғандай әсер қалдырады. Маңайда сау тамтығы қалмай қираған үйлер мен құлаған ағаштар таудай болып үйіліп, үлкен қоқыс алаңына айналған.

Индонезияда алапат цунами салдарынан қаза тапқандар саны сағат сайын артып барады. Соңғы санақ бойынша елде 281 адам цунамидың құрбаны болса, жарақаттанғандар саны 1 мыңнан асқан. Ал 60-қа жуық тұрғын хабар-ошарсыз кетті. Қазір аймақта жедел іздестіру шаралары жүріп жатыр. Дегенмен, құтқарушылар табиғи апат болған аймақтарға әлі толық жетіп үлгермепті. Бұған қираған ғимараттар мен құлаған ағаштардың, сондай-ақ талқандалған автокөліктердің таудай болып үйілуі кедергі келтіріп жатыр. Зардап шеккен аудандардағы көптеген жолдардың жабылуы, құтқарушылардың қолын байлауда. Сондықтан дүлей апаттың құрбандары тағы да көбеюі мүмкін деген болжам бар.

«Қайтыс болғандар саны өсуде. Біз құрбандарды түрлеріне қарап танып жатырмыз. Бұған мүмкіндігіміз бар», – деді жедел-іздестіру бөлімінің қызметкері Хасан Абдул АЗИС.

Табиғи апат Индонезияда өткен сенбі күні болды. Зонд бұғазы жағалауында Анак-Кракатау жанартауы оянған. Мамандардың болжамынша, сол кезде болған жерасты дүмпулері цунамиге ұласып, Суматра мен Ява аралдарының жағалауына лап берген. Табиғаттың тосын мінезі ел тұрғындарын әбден әбігерге салды. Синоптиктер үлкен толқын тұруы ықтималдығын алдын-ала ескертса де, жергілікті билік цунами қаупі туралы жарияламаған. Апат салдарынан үйлері қираған тұрғындар қазір далада қонуға мәжбүр. Ал аман қалған адамдар ғимараттарға қайтып оралудан қорқып, көпшілігі тіпті, тауға қоныс аударған. Өйткені, төтеншеліктер цунамидің қайтып айналып соғуы мүмкін екенін ескертіпті.

«Үйіме баруға қорқамын. Күйеу баламды үйді қарап келуге жібердім. Бірақ онда қайта барғанға жүрегім дауаламай тұр», – дейді жергілікті тұрғын КАСРИА.

Индонезиялықтар дәл осындай жойқын, қасіретті апатты әлі де ұмыта қойған жоқ. Еске сала кетсек, 2004 жылдың 26 желтоқсанында Үнді мұхитында жер сілкініп, артынша цунами соққан еді. Нәтижесінде, 14 елден 220 мыңнан астам адам қайтыс болған. Ол кезде де құрбандардың жартысынан көбі Индонезия азаматтары болған еді.


Айдана Мейрамбайқызы, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров