Еліміздегі қашықтан білім алу жүйесі оқушылардың бәріне қолжетімді болмайды

Еліміздегі қашықтан білім алу жүйесі оқушылардың бәріне қолжетімді болмайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздегі оқушылардың барлығы дерлік дистанционды оқытуға көшпейді. Аталған білім жүйесі тек спортшы, шығармашыл балаларға, ата-анасының іс-сапарына байланысты шетелде жүрген немесе ұзақмерзімді емдегі оқушыларға қатысты. Оның өзінде, бұл жаппай үйде оқыту емес, тек белгілі бір уақытқа қарастырылған шара. Бұл туралы Астана қалалық білім басқармасының өкілдері айтты.  

Дистанционды оқытудың арқасында оқушылар мектеп бағдарламасын үйден шықпай-ақ меңгере алады. Бар болғаны, жеке кабинет ашу қажет. Ол арқылы алынған бүкіл ақпаратты бала ой елегінен өткізіп, тапсырмаларды онлайн режимде орындайды. Ал соңында тестілеу тапсырады. Осылайша, оның белгілі бір тақырыпты меңгергені не болмаса меңгере алмағаны бағаланады. Алайда, көпке белгілі Moodle платформасында құрылған заманауи оқу пішінінің болу-болмауы екіталай. Бәріне тапсырыс беруші мен орындаушының арасындағы кикілжің себеп болған көрінеді.  

«Біз аталған орталықпен жұмыс істеуді қаламаймыз. Себебі, жуырда аталған орталықтың жетекшісі бізге айтпай, жарнамалық кампания жүргізіп, журналистерге сұхбат берді. Онда жобаның бастапқы атауын «Свободны от школы» деп өзгерткенін мәлімдепті. Осылайша, ол бастауыш сыныптарға отбасылық білім беру идеясын алға тартып отыр. Демек, олар мектепке бармай, Ресейдегідей үйде білім алмақ. Бұған біз түбегейлі қарсымыз. Сол себептен аталған эксперементалды жобаға қатысудан бас тартамыз», – деді Астана қаласы №22 мектеп-гимназиясының директоры Ботагөз ЖҮНІСОВА.

Анықталғандай, баласын аталған білім беру жүйесіне көшірем деушілердің қатары көп. Бүгінге дейін ата-аналардан 400-ге жуық өтініш келіп түскен екен. Олардың 46-сы дистанционды оқытуға сақадай сай.

«Біздің талаптарымызға сәйкес, дистанционды оқтын балалар төрт категория бойынша алынады. Мысалы, жуырда Ұлыбританияға көшкелі жатқан қазақстандық отбасы хабарласып, еліміздің білім беру жүйесінде қалғысы келгенін айтты. Бірақ оладың өтінішін әлі қабылдай алмай отырмыз. Себебі, келісіміміз 22 мектеп тарапынан ауызша түрде тоқтатылып отыр», – деді Moodle платформасында дистанционды бағдарламаны жетілдіруші Вера СЫДЫКОВА.

Бүгінге дейін жаңа жүйеге бір-ақ оқушы кіріп үлгерген. Бұл бағдарлама жетілдірушінің туған қызы – Миллата Садыкова. Оқытудың бұл пішініне көшуге ата-анасы мен ағасы сияқты кәсіби волейболшы болғысы келетіні себеп болыпты.  

«Дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері таңертең волейболға барамын. Демек бұл күндері сабаққа түстен кейін отырамын. Сабақты дәл осындай пішінде меңгеру ыңғайлы. Себебі, сыныпта 24 оқушымыз. Мұғалімнің әрқайсысына уақыты жетпейді. Ал бұл жерде менің білімім жеке бағаланады. Тақырыпты түсінбеген жағдайда оны қайта өтуге мүмкіндік бар», – дейді Миллата САДЫКОВА.

Миллата – әзірге еліміздегі жаңа бағдарлама бойынша оқып жатқан жалғыз оқушы. Айтуынша, сабаққа күніне 2-2,5 сағат уақыты кетеді. Қалған уақытында кәсіби түрде волейболмен айналысып, көркемсурет мектебінде оқып, қазақ және ағылшын тілдерін меңгереді екен.  

Ал қалалық білім басқармасында жобаның жүзеге асатыны мәлімделді. Тіпті, сәтті болған жағдайда, оны тегін тұрғыға көшіру қарастырылады дейді ведомство басшысы.  

«Әзірге 22 мектеп-гимназияға пилоттық жоба ретінде енгізіп отырмыз. Аталған мектепте спортшылар көп екен. Жарыстарға жиі баратындықтан, олар мектеп бағдарламасын уақтылы өтпей, кейін келе біраз қиындықтар туындайды. Дәп осы балаларға ден қойылады. Бұл жоба аясында болашақта мүмкіндігі шектеулі балаларды да оқытамыз деген ой бар», – деді Астана қалалық Білім беру басқармасының басшысы Әнуар ЖАНҒОЗИН.        

Басқармада жобаның нақты іске қосылатын уақыты айтылған жоқ. Дегенмен, жетілдірушілер оның үш жылда енгізілетінін мәлімдеген болатын.



Салтанат Нысанбекова, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров