Алматының қақ ортасында орналасқан ойын-сауық кешенінің иесі заңсыз нысан тұрғызып, 4 жыл бойына кәсібін дөңгелетіп келген. Үш қабатты, жалпы аумағы 1 мың шаршы метрді құрайтын жапсарлас ғимарат бүгін жермен-жексен етілді.
Заңсыз нысанда көлік жуатын орын, жазғы кафе және шағын монша болған. Қалалық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы мамандарының айтуынша, тұрғындар 2014 жылы өздері шағымданған. Тек іс тиісті мамандар кіріскен соң ғана нәтижелі болыпты. Аталған нысанды сүру бойынша сот шешімі 2018 жылы шыққан.
«Басқармамен сот шешімі орындалып жатыр. 2014 жылы біздің басқармама аталмыш нысанды заңсыз деп тапқан. Біз өз тарапымыздан 2014 жылы ҚР Әкімшілік кодексінің 316, 321-баптарына сәйкес, хаттама толтырған болатынбыз. Алматы қалалық сотында біздің талап-арызымыз өзгертіліп, осы нысан заңсыз деп табылып, бұзу туралы қаулы шығарылды. Қазіргі таңда біз сол қаулыны орындаудамыз», – деді Алматы қаласы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы заң бөлімінің бас маманы Асқар ДҮЙСЕБАЕВ.
Нысанды өз еркімен сүруге әрекеттенбеген кәсіпкер арнайы техника келмес бұрын мүлкін шығарып қалуға асықты. Дегенмен, мамандар мәжбүрлі түрде бұзар алдында нысан иесіне бірнеше мәрте ескерту жасағандарын айтып отыр. Айта кетейік, былтыр осы тектес 20-дан астам заңсыз ғимарат сүрілген.
«Алматы қаласы әділет департаментіне Алматы қаласында орналасқан Қарасай батыр көшесінде 156 «А» үйінде заңсыз ғимаратты сүру туралы сот шешімі орындауымызға келіп түсті. Ғимаратты заңсыз салған иесіне өз еркімен бұзып алуды ескерту хаттары берілді. Алайда, борышкер, яғни ғимарат иесі оны өз еркімен бұзған жоқ», – деді Алматы қаласы Әділет департаментінің сот орындаушысы Арнұр БАҚБЕРГЕН.