Алматыда кәсіп ашқысы келетін жастарға қолдау көрсетілмек

Алматыда кәсіп ашқысы келетін жастарға қолдау көрсетілмек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл – Жастар жылы. Жастарға жаңалық көп. Ең алдымен, оқу гранттарының саны артты. Студенттік жатақханаларды көбейту үшін құрылыс қазір қызу жүріп жатыр. Бұл Елбасының бес әлеуметтік бастамасында тікелей тапсырылған жобалар. Республика бойынша 4 миллион жастың үштен бір бөлігі Алматыда екенін ескерсек, алып шаһарда бірінші кезектегі тұрғын үй мәселесі де өз шешімін табуда. Болашақтың тізгінін ұстайтын жастарды басқа қандай мәселелер айрықша алаңдатады екен?

«2019 жылы жастарға республика деңгейінде үлкен көмектер көрсетіледі деген ойдамын. Әр қаладан көптеген лидерлер пайда болып, өздерінің ойларын ұсынып,  көптеген жұмыстар атқарылатынына сенемін. Жастарды дамытуда, бос уақыттарын өткізуіне, білім алуына қатысты көптеген жұмыстар жүргізіледі деп ойлаймын. Оған біз үлкен сеніммен қарап отырмыз», – деді G38 жастар ұйымының төрағасы Шыңғыс ЕРСОВЕТОВ.

Студент Шыңғыс Ерсоветов алып шаһарда жастар үшін жасалып жатқан бастамалардың бәріне куә. Аңғарымпаз тәлімгер биыл болатын өзгерістерді де асыға күтетінін жеткізді. Қазірдің өзінде Алматыдағы жастарды жігерлендіріп, шығармашылыққа баулитын орталықтан бастап, тұрғын үй мәселесі де өз шешімін табуда. 2017 жылдан бастап Алматыда «Алматы жастары» бағдарламасы қолға алынды. Оның аясында осы күнге дейін 240 шақты жанұя үйлі болды. Жастардың жеңілдетілген пайызбен несиеге баспана алуы үшін Алматы қаласының әкімдігі қазынадан 2017 жылы 1 миллиард теңге, ал былтыр 2 миллиард теңге қарастырған болатын. «Алматы жастарының» шарапатын келесі жыл да шаһардағы жас отбасылар көруі әбден мүмкін.

«Алматыда тұрып жатқан жастардың көбісі осы бағдарламаға қызықты. Көптеген өтініштер келіп түсті. Сол өтініштердің арқасында 2017 жылы 108 жас отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 2018 жылы 130 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілді», – деді Алматы қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бас маманы Жасұлан ДҮЙСЕКЕНОВ.

Жастарды жұмысқа орналасу мәселесі де алаңдатады. 14 пен 29 жас аралығындағы жұмыссыз жастардың үлесі 2001 жылы 18,6 пайызды құраса, өткен жылғы көрсеткіш бойынша жұмыссыздық деңгейі 7,7, пайызға кеміген. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға!», «Жастар практикасы», «Мәңгілік ел жастары - Индустрияға!» секілді және тағы басқа әлеуметтік бағдарламалар мен жобалар мұрындық болған. Алматыда осы уақытқа дейін 7800-ге жуық жас қызметпен қамтылған.

«2019 жыл «Жастар жылы» болғандықтан «Жастар саясаты мәселелері жөніндегі» басқармамен бірге жол картасы бекітіліп жатыр. Сол жол картасы бойынша көптеген шаралар көрсетіледі. Және жастарға арнайы жастар жәрмеңкесі өткізіліп тұрады», – деді «Жұмыспен қамту және әлеуметтік серіктестік» бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлсара МАДИБЕКОВА.

Кәсібін дөңгелетемін деген жастар үшін де үлкен қолдау бар. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша, сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» атты еңбек бағдарламасы аясында өткен жылы 45 мыңнан астам азамат оқытылған. Ал бизнесті бастауға үкіметтен қолғабыс ретінде төмендетілген пайызбен 62 миллиард теңге көлемінде несие бөлінді.

«Бір қуантатын жайт, кейінгі кезде жастардың стартап жобаларға, бизнеске деген құлшынысы оянды. Яғни, біз «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында «Атамекен» жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл жерде төрттен бір бөлігі 29 жасқа дейінгі жастар. Яғни, бізде жас адамдардың бизнеске деген қызығушылығы артып келеді», – деді «Атамекен» ҰКП жаппай кәсіпкерлік және шағын несиелеу департаментінің директоры Бауыржан ОРАЗҒАЛИЕВ.

Президент өзінің «Бес әлеуметтік бастамасында» оқу гранттарының санын арттыруды тапсырды. Нәтижесінде, жыл сайын тегін оқуға ілігетін 54 мыңға жуық тәлімгердің қатарына тағы 20 мың талапкерге орын берілді.  Ал ауылдан қалаға білім алуға келетін жастарға жатақханадан әлі де 75 мың орын жетіспейді. Бұл мәселе де алдағы 5 жылда өз шешімін таппақ. Ол үшін Студенттер үйін салуға бюджеттен 118 миллиард теңге қаржы бөлінді.


Перизат Көмекбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров