Алматыда Бұтақты шатқалындағы 2 мыңнан астам ағаш оталатын болды

Алматыда Бұтақты шатқалындағы 2 мыңнан астам ағаш оталатын болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы маңындағы Бұтақты шатқалында 8 гектар аумақта қураған ағаш оталады. Өткен жылы күзде санақ жұмыстары жүргізілген. Соның қорытындысы бойынша 2 мыңнан астам талды түбімен отау керектігі анықталған.

Одан бөлек, арнайы комиссия шыршалардың жағдайын тексеріп шыққан. 2016 жылы Бұтақты шатқалында санитарлық мақсатта ағаш кесуге мораторий жарияланып, 2018 жылы сәуірде орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы оның күшін жойған. Осыған байланысты қоғамдық кеңес өткізілді. Сонымен қатар, Казачка шатқалында 46 ағаш тамырымен алынып тасталады.

«8,3 гектарды шапқаннан кейін, 1-2 жылдың ішінде орнына қайтадан қалпына келтіруіміз керек. 1 гектарға орналастыру туралы құжаттары бойынша 4165 дана Тянь-шань шыршасын отырғызуымыз керек. Сонда есептесек, 31500-дей ағашты қайтадан орнына келтіруіміз керек. 2063 ағаш шапсақ, 34500 ағаш отырғызамыз», – деді Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бас директорының орынбасары Дархан ИСАБЕКОВ.

Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі бақылап-өткізу бекеті жүйесі автоматтандырылмақ. Пилоттық жоба осы жылы көктемде іске қосылады деп жоспарланып отыр. Азаматтар демалыс орнына кіру үшін ақшаны терминал арқылы төлейді. Одан бөлек, «Оңай» төлем карталары арқылы төлеуге де мүмкіндік жасау көзделіп отыр. «Сергек» камералары да орнатылады. Қазір табиғи паркке кіру құны адам басына 450 теңге. Студенттерге, зейнеткерлерге, мектепке дейінгі жастағы балаларға жеңілдіктер қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар ақысыз кіре алады.

«Бұл жерде арнайы камералар, терминалдарымыз болады. Әр адам, әр турист өзі түсіп, әркім өзіне ақшаны төлей алады. Айта кететін жайт, бұл жерде әр машинаға, әр автотранспортқа емес, әр адам басына ақша алады. Адамдар өздері түсіп, терминал арқылы төлей алады. Сайт арқылы алдын-ала төлеуге болады. Банк картасымен pos-терминал арқылы төлесеңіз болады», – деді Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Тілек ӘДІЛЖАНОВ.



Новости партнеров