Тауарлардың таңбалануы бағаға әсер етпеуі тиіс – Нұрлан Нығматулин

19.12.2018 23:05

Кәсіпкерлер сапалы өнім шығаруы керек. Ал тауарлардың таңбалануы бағаға әсер етпеуі тиіс. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Нұрлан Нығматулин осыны талап етті.

Алқалы жиында «Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Аталған келісімге Алматы қаласында биыл 2 ақпанда қол қойылған. Келісім мақсаты – тауар айналымының заңдылығын қамтамасыз ету, тұтынушылардың құқығын қорғау, көлеңкелі экономиканы біршама қысқарту. Яғни, бюджетке салықтардың түсімін арттыру болып табылады. Еліміздің қаржы министрі келісімді іске асыру республикалық бюджеттен қаржы шығаруды қажет етпейтінін жеткізді. Ал кәсіпкерлер біраз шығындалатын болды.

«Ірі кәсіпорындарды алсақ, олардың таңбалауға байланысты құралдары мүлдем жоқ болса, онда шығатын шығындары 10 миллионнан 60 миллион теңгеге дейінгі соманы құрауы мүмкін. Мысалы, біз темекі фабрикаларымен бірлесіп пилоттық жоба жүргізейін деп жатырмыз. Олар тиісті құралдармен толығымен жабдықталған. Ал шағын бизнестің шығындары әлдеқайда төмен болады. Олардың шығындары тек сондай принтерлерді сатып алумен шектелуі де мүмкін, оның бағасы 400 мың теңгеге дейін тұрады», – деді ҚР Қаржы министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ.

Сонымен, елімізде қандай тауарлар міндетті түрде таңбалануы керек? Бірінші орында тері өнімдері тұр. Демек, ең алдымен ішіктер сәйкестендіру құралдарымен маркерленетін болады. Екінші кезекте темекі өнімдері тұр. Бүгінде Қазақстан осы бағытта Ресей Федерациясымен бірлескен қанатты жобаны іске қосып үлгерген. Ал келер жылдың сәуір айынан бастап дәрі-дәрмектерді таңбалаудың пилоттық жобасы басталмақ. Дәрілік заттардың таңбалануы 2021 жылдан бастап іске қосылады деп болжануда. Мәжіліс төрағасы бұл ретте өнім бағасының негізсіз өсуіне жол берілмеуі керегін баса айтты.

«Бүгінде барлық дамыған елдер дәрілік заттарын таңбалайды. Сәйкесінше, біз де осы үрдістен қалмауымыз қажет. Тұрғындар еліміздегі дәріханалар мен ауруханаларға тек сапалы препараттар жеткізілетініне сенімді болуы тиіс. Таңбалауды енгізу дәрі-дәрмек бағасының өсуіне ешқандай ықпал етпеуі керек», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.