Алматылық полицейлер донор болды. Бүгін қаланың 30-дан астам жол сақшысы таң атысымен науқастар үшін қан тапсырды.
Республикалық қан орталығына ағылған погондылар әуелі дәрігерлердің жіті бақылауынан өтті. Денсаулығында еш кінәраты жоқ қызметкерлердің әрқайсысынан 450 грамнан қан алынды.
Жалпы, алматылық полицейлер жиі донор болып тұрады екен. Олар әсіресе жол көлік оқиғасы салдарынан жапа шеккендер мен науқас сәбилерге осындай әдіспен көмек бергіміз келеді дейді. Бүгінгі қайырымдылық акциясында тәртіп сақшыларынан жалпы көлемі 15 литрге жуық қан алынды. Айта кетсек, Республикалық қан орталығына жылына 20 мыңға жуық донор қан өткізетін көрінеді.
«Біз жол-көлік апаттарына жиі шығып тұрамыз. Сол жердегі жүргізушілердің қиын жағдайда болғанын, қанның көп кетуін өз көзімізбен көргеннен кейін жеке құраммен бірге шешім қабылданды. Осындай әр шарада адам бөліп, өз еркімен қан тапсыратын жеке құрам бөліп тұрамыз», – деді Алматы қаласы ПД Жол-патрульдік полициясы арнайы батальоны командирінің орынбасары Мұрат ТАЛАСБАЕВ.