Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының жеке үйі ашылды

Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының жеке үйі ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының үйі ашылды. Байзақов көшесінің бойында орналасқан ғимараттың ашылуына қала әкімі Бауыржан Байбекпен бірге еліміздегі дипломатиялық корпустың және Ұлттар ұйымына қарасты 14 өңірлік кеңселердің өкілдері қатысты.

Ғимараттың ашылуы 24 қазан – Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық күніне орайластырылған. Нысан халықаралық ұйымның жоғары қауіпсіздік талаптарын ескере салынған. Мекеме құрамында ұйымның агенттіктері және әкімшілік өкілдері жұмыс жасамақ. Жарық әрі кең ғимараттың жалпы ауданы 28 мың шаршы метрден асады. Қызметкерлерге ыңғайлы болу үшін екі деңгейлі автотұрақ та салыныпты. Жаңа үй қаланың іскер ауданында, Ботаника бағы мен «Атакент» көрме орталығына және негізгі магистральдарға жақын жерде бой көтерді. 

«Қазақстан – бейбітшілікті сүйетін әрі қауіпсіз ел. Мемлекет басшысының институционалды реформаларының арқасында тұрақты экономикалық өсім қамтамасыз етілген. Біз қаланы халықаралық ұйымдардың өңірлік хабына айналдыру үшін жүйелі жұмыстар жүргізудеміз. Бүгінгі шара Алматы декларациясына қол қойылғанына 40 жыл толуына арналған «Мэрлер саммитінің» өтуіне орайластырып өтіп жатқан БҰҰ жаңа үйінің тұсаукесері біздің ортақ ынтымағымыздың тарихына алтын әріптермен жазылатынына сенімдімін», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Жалпы, Алматыда 29 консулдық пен сауда өкілдіктер кеңселері, сонымен қатар, ірі трансұлттық компаниялардың алпыстан астам офистері бар. Еліміздің сыртқы істер министрлігі өкілдерінің пікірінше, бұл орын – Алматыдағы ең заманауи сәулет нысандарының бірі. Алдағы уақытта кеңселердің барлығы заманауи құрал-жабдықтармен және жиһазбен қамтылады. Ұйымның өкілдері Жаңа жыл қарсаңында толықтай көшіп келмек. Бұған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымының агенттіктері Төле би көшесіндегі ескі кеңсені жалдап отырған еді. Ал бүгін берілген нысан Алматы әкімдігінің қарамағында болады.

«БҰҰ Бас хатшысының атынан Қазақстанға, Сыртқы істер министрлігіне, қала әкімшілігіне осындай игі шараларды жүзеге асырғандары және барлық өңірлерде тұрақты дамуды мақсат еткендері үшін алғыс айтамын. Бұл жаңа офис халықаралық ұйымдармен ғана емес, сонымен қатар, елдің дарынды жастарымен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға жаңа мүмкіндіктер береді», – деді ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша өңірлік директоры Афшан ХАН.


Новости партнеров