«Нұрлы жер»: Алматыда жыл соңына дейін 1,5 мың отбасы пәтерлі болады

«Нұрлы жер»: Алматыда жыл соңына дейін 1,5 мың отбасы пәтерлі болады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жыл соңына дейін 1,5 мың алматылық «Нұрлы жер» бағдарламасының шарапатын көреді. 800-ден астам пәтерге конкурс аяқталса, қалған 620 пәтер бойынша өтініштерді қабылдау қараша айында басталмақ. Олардың дені «Саялы» ықшамауданында беріледі. 5 қабатты үйлердегі пәтерлердің аумағы 29 бен 84 шаршы метр аралығында.  

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспаналы болу үшін үй бағасының кем дегенде, 20 пайызын жинап немесе бірден депозитке аудару керек. Берілетін несиенің жылдық мөлшерлемесі 5 пайызды құрайды. Мәселен, бағасы 6 миллион 300 мың теңге болатын бір бөлмелі пәтерді сатып алу үшін банктегі депозитке миллион 200 мың жинау жеткілікті. Бұл жағдайда несие бойынша ай сайынғы төлем 52 мың 500 теңгеге тең.

«2014 жылы «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінен» депозит аштық. Содан соң үш жылдай ақшамызды жинадық. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша конкурс болып жатқанын естідік. «Баспана.кз» сайты арқылы өтінім бердік. Банктен хабарласып, өткенімізді айтты. Құжаттарымызды жинап, үйімізді алдық. Үш ай болды тұрып жатқанымызға. Үйлердің сапасы жақсы», – дейді Нұрахмет БЕРДІМҰРАТОВ.

«Саялы-2» ықшамауданында бой көтеріп жатқан үйлердің құрылысы бітуге жақын. Қала шетінде салынып жатқан баспаналар 10 балдық зілзалаға төтеп береді әрі қауіпсіз жерде орналасқан дейді мамандар. Биыл бой көтеретін үйлерге 11 миллиард теңге қаржы бөлініпті.

«Осы 2018 жылы Алматыда 121 үй салынып жатыр. 443 мың шаршы метрді құрайтын 6 433 пәтер салынып жатыр. Соның 68-і тапсырылды, қалғаны желтоқсан айына дейін тапсырылады», – деді Алматы қаласы Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Қуандық АЙТМАҒАМБЕТОВ.

Келер жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Алғабас ықшамауданында жаңа үйлер бой көтеретін болса, 2020-2021 жылдарға қарай Алматыда «Саялы-3», «Саялы-4» ықшамаудандары пайда болады.

Былтыр осы бағдарлама аясында Алатау ауданында 2 тұрғын үй кешені бой көтеріп, ондағы 650 салымшы қоныс тойларын тойлады. Ал биыл 886 пәтер бойынша құжаттарды қабылдау аяқталыпты. Қараша айында Саялы ықшамауданында 621 пәтерге өтініштер қабылданады. Жауаптылардың мәліметінше, бір пәтерге 6 алматылық үмітті.

«Нұрлы жер» бағдарламасымен үй алу үшін Қазақстан азаматы болуы керек, Алматы қаласында кем дегенде екі жыл тіркеуде болуы тиіс. Және өзінің, отбасы мүшелерінің атында үй болмауы қажет. Соңғы бес жыл ішінде Қазақстан бойынша тексеріледі. Сондай-ақ, өзінің несие төлеу қабілеттілігін дәлелдеу қажет. Осы төрт талапқа сәйкес келген адам мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үй ала алады», – деп түсіндіріп өтті «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ Алматы қаласы бойынша тұтынушылармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Данагүл ТҮСІПОВА.

Ал «Нұрлы жер» бағдарламасының талаптарына сай келмей немесе өзі мен отбасы мүшелерінде жылжымайтын мүлік болса, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» бағдарламасына қатысуға мүмкіндік бар. «Өз үйім» жобасы бойынша, пәтер құнының 20 пайызын жинасаңыз, жылдық мөлшерлемесі 7 пайызбен баспана ала аласыз.  


Азамат Әуезхан, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров