Енді Пәтер иелері кооперативі бірнеше үйге қызмет көрсетпейді

01.11.2018 23:14

Бұдан былай Пәтер иелері кооперативі бірнеше көппәтерлі тұрғын үйге қызмет көрсетпейтін болады. Әйтпеген жағдайда олар басқару компаниясы болып рәсімделуі тиіс. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еліміздің Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.

Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, соңғы кездері Пәтер иелері кооперативтері «өзім би, өзім қожа» қағидасымен жұмыс істеп келген. Ешкімге бағынбай, халықтан өзі қаржы жинап, оны жұмыстарға өзі бағыттап, жұмсалған ақша бойынша өздеріне есеп беріп келді. Сондықтан қарапайым бұқараның қалтасынан кеткен қаражаттың қайда құйылғаны көп жағдайда түсініксіз қалады екен. Аталған түйткілді шешу үшін «Бір үй – бір  мүліктің меншік иелері бірлестігі – бір шот» жобасы қолға алынбақ.  

«Енді ПИК-тер 15-20 үйге қызмет көрсетпейді. Әрқайсысында тек бір үйден қалады. Егер көппәтерлі бірнеше тұрғын үйді алам десе, басқару компаниясы болып құрылуы қажет. Бұдан бөлек, жаңа заң жобасында тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерін де ортақ мүлікті күтіп ұстауға байланысты барлық ортақ шығынға қатыстыру қарастырылған», – деді ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ.