Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы мектептің ауласында тұрған трансформатордағы тоққа оқушы түсіп, екі қолынан айрылды, деп хабарлайды NUR.KZ.
Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысының мәліметінше, тоғыз жасар балақай ойнап жүріп, мектеп ауласындағы трансформатордың ішіне кірген.
«Оқиға 5 қазан күні болды. Қаладағы №2 мектептің 4-ші сынып оқушысы тоққа түсіп қалды. Трансформатор мектеп ауласында тұрған. Алты сабақтан бала сағат 12:30 шамасында үйіне барып, мектеп ауласына қайтып келеді. Ойын киімін киіп келіп, спорт алаңына барған. Бала ойнап жүріп, трансформатордың ішіне кірген. Жергілікті уақыт 14:00 шамасында қайғылы жағдай болды. Қасында досы болған», - деп хабарлайды Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы Абзал Әбдіков.
Аудандық білім бөлімінің басшылығы мектеп ауласында тұрған трансформатордың айналасы қоршалғанын айтады.
«Трансформатордың жан-жағы қоршалған. Қоршауға өрмелеп секіріп, есігі құлыптаулы тұрған трансформаторды тартқан. Қалай кіргенін білмеймін. Астынан қуыс ашылғанда сол жерден кіріп тұр. Бала тоққа түскенде шырылдап жылаған, даусын естіп мұғалімдер барған. Оқушыны 7 қазан күні ұшақпен қалаға алып кетті. Баланың жағдайы тұрақты. Кеше ота жасалған. Ата-анасымен байланыс орнатып отырмыз», - дейді Абзал Әбдіков.
Дәрігерлердің айтуынша, баланың екі қолын да аман алып қалу мүмкін болмаған.
«Балаға ота жасалды. Екі қолы жансызданып кеткен. Дәрігерлік кеңес өткізілді. Содан кейін алып тастадық. Екі қолы да күйіп кеткен. Баланың жағдайы ауыр. Әзірге жансақтау бөлімінде жатыр», - дейді облыстық балалар ауруханасының дәрігері Нұрлан Қожин.