|
13.12.2018 | 18:19
11334

Қазақша фильмді ыңғайлы уақытта қою туралы петицияны дубляж актерлері де қолдайды

Қазақша фильмді ыңғайлы уақытта қою туралы петицияны дубляж актерлері де қолдайды

Қазақ тіліндегі кинофильмдерді жиі әрі ыңғайлы уақытта қоюды талап ететін петицияны еліміздегі дубляж актерлері қолдап отыр. Мәселен, «Болашақ» корпоративтік қоры аталған құжаттың шетелдік фильмдердің қазақтілді нұсқасын прайм-таймда қою мәселесін шешуде маңыздылығын айтты. Ұйым әлемге танымал туындыларды тәржімалап келеді. Петициядағы онлайн дауыс беруге бүгінге дейін 34 мыңға жуық қазақстандық үн қосып, қолдау білдірген. Ал жуырда ғана сенаторлармен қабылданған «Кинематография туралы» заң жобасы еліміздегі кинопрокат саласына қаншалықты әсер етпек?

Күні кеше ғана дубляж жоғары сұранысқа ие болмаған. Ал осыдан бір апта бұрын кинематография жөніндегі заң жобасы аталған салаға серпін береді дейді сала мамандары. Анықталғандай, биыл қазақстандық киномамандар қазақ тіліне тәржімаланған 4 киноны тамашалаған. Олар «Дисней», «Марвел», «Сони Пикчерс» сынды әлемге танымал киностудиялардың қазақ тіліне дыбысталған туындылары. «Болашақ» корпоративтік қоры бүгінге дейін аталған киностудиялардың 27 туындысын дубляждаған екен. Ұйым жетекшісі Динара Шайжүнісова Парламент сенатында қабылданған заң жобасы қазақ тіліне тәржімаланатын фильмдердің санын көбейтетініне сенімді.

«Мен өзім Мәжілістегі кинематография жөніндегі заң жобасының жұмыс тобына кірдім. Біз кинотеатрларды әлемдік мультфилмьдердің қазақ тіліндегі нұсқасын прайм-таймда қоюға ынталандыратын бірқатар шешімді ұсындық. Мәселен, кинотеатрларға салық жеңілдіктерін қарастыруды сұрадық. Біз үшін бұл преференциялардың заңға кіруі өте маңызды болды. Себебі, балаларымыз сүйікті анимациялық фильмдерін бірнеше мәрте қарайды. Ал өз ана тілінде, яғни мемлекеттік тілде көре алмаса, болмысымыздан, ұлттық кодымыздан айырыламыз. Ал осы мәселені ескерсек, ол да рухани жаңғыру ғой», – деді «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Динара ШАЙЖҮНІСОВА.

Ал қазақстандық көрерменнің аталған мәселеге қатысты пікірін білу үшін сауалнама жүргіздік. Қазақ тіліндегі кинофильмдер жиі әрі ыңғайлы уақытта қойылса, қуана барамыз дейді.

«Қазақшаға дубляждалған кинолар болса, бізге ыңғайлы уақытта болса, біз барамыз», «Мен өзіме ыңғайлы уақытта ғана бара аламын, ал ол уақытта көбінесе қазақша фильмдер қойылмай жүр», «Қазақаша фильмдерді кешкі алтыдан кейінгі уақыттарға қойса, барлығына қолайлы болар еді деп ойлаймын. Себебі, сол уақытта көп адам сабақтан, жұмыстан шығып жатады», деп жарыса пікір білдірді көрермендер.

Шетелдік кинофильмдерді қазақ тіліне тәржімалау қыруар жұмысты талап етеді. Бір туындының өзіне 100-ге жуық адамнан тұратын үлкен шығармашылық топ жұмылдырылады. Олар: актерлер, режиссерлар, аудармашылар... Ал фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасын жасап шығару жұмысына 50 миллион теңге қаражат кетеді екен.

«Ең алдымен, фильмді таңдаймыз. Көбінесе отбасылық құндылықтарға негізделген, мәнді туындыларға ден қоямыз. Содан соң команда құрылады. Дауыстарды жазудың өзі де бірнеше кезеңнен тұрады. Негізгі кейіпкерлердің дауысын «Дисней» студиясының өкілдері келіп, бекітеді. Ал Анджелина Джоли, Уилл Смит сияқты әлемдік жұлдыздар дубляж жасайтын мамандарды өздері таңдайды. Ал қорытынды түйістіру, яғни бейнедегі кейіпкердің ауыз қимылымен дублердың дауысын біріктіру жұмысы міндетті түрде Лондондағы «Шеппертон» студиясында жүргізіледі. Бұл барлық елдерге қойылатын басты талап», – деді Динара ШАЙЖҮНІСОВА.

Кәсіби дубляждаушылар үшін бастысы – пайда түсіру емес. Діттейтініміз – қазақтілді аудиторияның конституциялық құқығын қамтамасыз ету дейді. Олар тек әр қазақстандықтың ана тіліндегі туындысын кинотеатрлардағы таңертеңгі немесе түскі көрсетілімін күтпей, кез келген уақытта барып қарауына мүмкіндік болса деген пікірде.

Осыдан біраз уақыт бұрын Анджелина Джоли, Джонни Депп, Арнольд Шварцнегер сынды әлемге танымал киножұлдыздарды қазақша сөйлету таңсық дүние болатын. Ал жаңадан қабылданған заңның арқасында бұл мүмкін болмақ. Бұдан былай қазақстандық актерлеріміз әлемдік аталмыш тұлғаларды дауыстап, қазақтілді аудитория атышулы шетелдік картиналардың мемлекеттік тілге тәржімаланған нұсқасын тамашалай алады. Тек бұл туындылар көрермен үшін ыңғайлы уақытта қойылса, игі болар еді.


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир