|
24.09.2018 | 18:19
6592

«Алматы» телеарнасында тағы бір отандық телехикаяның тұсауы кесіледі

«Алматы» телеарнасында тағы бір отандық телехикаяның тұсауы кесіледі

Жаңа маусымға тарту. «Алматы» телеарнасы көрермендерін тың жобалармен қуантпақ. Олардың ішінде телехикая, деректі фильм және күлкіге қарық қылатын скетчком бар.

Солардың бірі – «Между небом и землей» телехикаясы. Аталмыш телехикаяда қазіргі кезде кеңінен пайдаланылатын цифрлық технологияның өмірімізге дендей енуі және оған азаматтардың түрлі көзқарасы көрсетіледі. Одан бөлек, ең қызықты және ең мазмұнды жобаларды да көре аласыз.

Басты рөлдің бірін танымал актриса Бибігүл Ақтан сомдайды. Ол пилотсыз басқаралатын құрал-жабдықтарды ұнатады. Ондай аппараттардың шетелде кеңінен пайдаланылатынын сол жақта білім алып жүргенінде көрген бойжеткен енді оларды біздің елде енгізуді көздейді.

«Өз ойын ауылда іске асыруды көксейді. Ерекше цифрлық технологияға ауылда тұратын ағайын қалай қарайды? Шытырман оқиғаға толы сценарий кейде қарапайым сюжеттермен өрілсе, кейде күтпеген оқиғалармен көрерменді баурап алады. 15 сериядан тұратын телехикаяда белгілі киножұлдыз Ерболат Тоғызақов та бар», – деді актриса Бибігүл АҚТАН.

«Мен сомдайтын кейіпкер әуе диспетчері болып жұмыс істеген. Техникалық ақаулардың салдарынан ұшақ апатқа ұшыраған. Сондықтан ол өзін өмір бойы кінәлі сезінген. Жүрегіне ауыр жүк арқалап жүрген қарияның жаны жай таппай, өзінің басынан кешкен оқиғасын немересіне қалдыруды жөн санайды», – дейді актер Ерболат ТОҒЫЗАҚОВ.

Ауылдың қариясы Мәмбет басынан өткен оқиғадан кейін ауылда жаңа технологияның енгізілгенін құптамайды. Дегенмен, бойжеткеннің құрылғысы қылмыстың жолын кесіп, табиғи апаттан азаматтарды құтқаруға септігін тигізеді. Бұдан бөлек, төтенше жағдайда аман қалу үшін қалай әрекет ету керек екені арнайы деректі фильмде үйретіледі. Арнайы сала мамандары не істеу қажеттігін айтып береді.

«Бір бағдарлама бір жай-жапсардың төңірегінде өрбиді. Біздің мақсатымыз – ол мәселенің қаншалықты таралғанын көрсету және қандай қауіп бар екенін түсіндіріп беру. Мәселен, судағы демалыс, су қоймасы, бассейн және өзен. Бұл тұрғыда екі сауалға жауап беруге тырысамыз. Төтенше жағдай болмауы үшін не істеу керек? Ол орын алған жағдайда не істеу керек? Жобаның мақсаты осы. Осындай тақырыптарды кеңінен қамтып, жан-жақты түсіндіру», – деді продакшн-студияның креативті директоры Антон КУЗНЕЦОВ.

Жаңа маусымның жаңалығы мұнымен тәмамдалмайды. Көрерменнің сүйікті сериалына айналып үлгерген жоба жалғасын таппақ. Көпшілікке тамаша көңіл күй сыйлайтын туындыда күнделікті адамдар өмірінен алынған оқиғалар арқау болған. Қазіргі қоғамда жиі кездесетін жайттар телехикаяда көрсетіледі. Әдемі әзілдер мен бірін-бірі қайталамайтын қызықты кейіпкерлер де бар.


Перизат Көмекбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир