Алматы салықшылары енді түрмеге экскурсия жасап тұратын болды

22.09.2018 01:00

Алматының 300-ден астам салықшысы түрмеге барып келді. Олар кезінде пара алып, жемқорлығы үшін темір тордың ар жағында отырған әріптестерімен тілдесті. Тіпті, камераларға кіріп, ондағы өмірмен етене танысты. 

Бұдан былай салықшылардың түрмеге саяхаты жиілей түспек. Себебі, пара алғанның тағдыры қалай болатыны осындай мысалдар арқылы көрсетілмек. Өйткені кірістер қызметкерлері тарапынан жасалатын қылмыс жиілеп кеткен. Мәселен, жыл басынан бері қаланың салық органдарында 26 лауазымды тұлға істі болыпты. 

Түрмеге келген Кірістер департаментінің мамандары жазасын өтеп жатқан бұрынғы әріптестерін көрді. Олардың қазіргі жай-күйімен танысып, өмірлік сабақ алды. Сотталушылардың бірі болса өзінің басынан өткен оқиғасын айтып, жас мамандарды жемқорлықтан аулақ болуға шақырды.

«Сот үкімімен мен бас бостандығымнан айрылып, жалпы режимдегі колонияда жазамды өтеп жатырмын. Әрине, жасаған қылмысым үшін өкінемін. Қазір мені бостандықта әйелім мен екі балам күтіп отыр. Пара алатын кезде оның салдары туралы ойламайсың, ойыңда тек ақша ғана болады. Сосын өкінгеннен пайда жоқ», - дейді Алматы қалалық Кірістер департаментінің бұрынғы қызметкері.

Сотталған парақорлардың түрмедегі өмірін көруге барлығы 315 жас маман келді. 

«Біздің әріптестеріміз жемқорлық қылмысқа бармауы үшін әртүрлі шараларды қолға алып отырмыз. Жас мамандарды екі рет түрмеге алып бардық. Олар бұрынғы әріптестеріміздің түрмеде отырғанын көрді. Мемлекеттік қызметкер қандай қылмыс жасаса да заң алдында жазадан құтыла алмайтынын ой елегінен өткізді», - дейді Алматы қалалық МКД Ішкі тергеу бөлімінің басшысы Динара ЖАРЫЛҚАСЫМОВА. 

Қызметшіге жемқорлық үшін жаза барын түсіндіруге соңғы статистика да түрткі болып отыр. Кірістер департаменті қызметкерлері тарапынан жасалатын сыбайлас жемқорлық қылмыстары жиілеп кеткен. Былтыр 9 айда қаланың Мемлекеттік кірістер департаментінің 26 лауазымды тұлғасы істі болса, биыл бұл сан 29-ға өсіпті. Көпшілігі пара алғаны үшін ұсталған. Заңсыз алынған ақшаның көлемі де аз емес. Алды 30 мың теңгені қанағат тұтса, араны ашылғандар 3 миллион теңгеге дейін сыйақы алған. Ал, лауазымын асыра пайдаланғаны үшін 7 қызметкер істі болса, тағы 52-сі тәртіптік жазамен құтылыпты.

«Сотқа дейінгі тергеу қорытындысын келтірсек, былтыр Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің 17 лауазымды тұлғасы сотталды. Ал биыл 8 айдың ішінде 11 қызметкер істі болып отыр. Әріптестер, бұл ойланатын нәрсе. Біз өз ішімізде заңсыз әрекетке тосқауыл қоюымыз қажет. Пара алған қызметкерлер үшін басшысының да жаза арқалайтынын естен шығармаңыздар», - деді Алматы қалалық МКД Ішкі қауіпсіздік басқармасының басшысы Алмат АЙТЕНОВ.

Шенділер жасаған қылмыс қанша жерден әшкереленгенімен, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың тамырына балта шабу мүмкін болмай тұр. Салықшылардан бөлек, биыл шекарадағы бекеттерді майшелпекке айналдырған 4 кеденшінің де былығы әшкереленген. Айта кетсек, лауазымды тұлғалар тарапынан жасалатын жемқорлық әрекеттерді тіркеу үшін, тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желі іске қосылған.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы