Алматыда ауыз су өшірілген 3 ауданның тұрғындарына көмек көрсетіліп жатыр

Алматыда ауыз су өшірілген 3 ауданның тұрғындарына көмек көрсетіліп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 50 жылдан бері тұрған ауыз су ысырмалары жаппай ауыстырылып жатыр. Өйткені, қаланы тіршілік нәрімен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын құрылғылардың тоз-тозы шыққан.

Биыл әбден ескіріп, істен шығудың аз алдында тұрған ысырманың 16 данасы жаңаланады. Тек жөндеу кезінде қаланың Алатау, Жетісу және Түрксіб аудандарының халқына тіршілік нәрін беру уақытша тоқтатылды. Бұл мәселе қалай шешілуде? Ауыз су қашан қайта қосылады?  

Ауқымды жөндеу жұмыстарына ерте қамданған «Алматы Су» мекемесі көпқабатты тұрғын үйлерге 1 апта бұрын ескерту қағаздарын ілген. Оған қоса, тіршілік нәрінің уақытша жоқтығын сездірмес үшін Алатау, Жетісу және Түрксіб аудандарына 50 шақты су тасығыш көлік те жіберіпті. Қазір олар көшелерді аралап, халыққа тіршілік нәрін тасып жүр. Ал халық жөндеу кезінде ешқандай қолайсыздықтың туындамағанын айтады.

Ауқымды жөндеу ысырмалардың ашылып-жабылуы қиындап, әбден ескіргендіктен қолға алынды дейді мамандар. Ал құрылғыларды ауыстырғаннан кейін жүйе жаңаланып, дербес басқарылатын болады. Өйткені, оған дейін бірнеше ысырма жабық күйінде қалып кеткен. Егер олар істен шыға қалса, барлығын бірдей ашып жасауға тура келетін. Енді дүйім жұрт тіршілік нәрінен мүлдем мұқтаждық көрмейді.

«Біз жұмысты жеделдетіп, мейлінше уақтылы орындауға тырысып жатырмыз. Бұл жұмыс не береді? Бұл өте үлкен су қабылдағыш. Одан қалаға 3 үлкен жүйе тартылған. Осы 3 жүйенің арасын байланыстыратын, бір-біріне ауысып тұратын ысырмалардың тозығына жеткеніне байланысты жөндеу жұмыстары атқарылуда. Ысырмалар бұрын апатты жағдайда тұрған еді», – деді «Алматы Су холдингі» МКК бас директорының бірінші орынбасары Нуриддин ЖАРБОЛОВ.

2 күн ішінде Құлжа тас жолы бойындағы 1000, 1200 және 1400 милиметрлі ысырмалардың 16 данасы толықтай жаңасына ауыстырылады. Кең шеңберлі құрылғының арқасында Талғардан қалаға тәулігіне 320 мың текше метр су өтеді. Айта кетейік, бүгін ысырмалар орнына қойылып, дәнекерлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ал кешке дейін бұл жұмыстар бітіп, ертең қайта су беру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асады.

«Ең соңғы, дәнекерлеу жұмыстары ғана қалды. Содан кейін барлық хауызға су толтырып, дайын тұрған суды қалаға қосамыз. 2-3 сағаттың ішінде технологиялық режимге шығып, барлық жердегі қысымды реттеп, содан соң қайтадан бұрынғы режимге көшеміз», – деп түсіндірді Нуриддин ЖАРБОЛОВ.

Айта кетейік, қазір Талғар су қоймасында 24 мың текше метр, Алматыдағы су сорғышы стансасында 20 мың текше су қоры бар. Арнайы техникалармен жасақталған, дәнекерлеуші құралдар мен сорғылармен қамтамасыз етілген 30 бригада жұмысты уақытында бітіруге ат салысып жатыр.

Жадыра Омаржан, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров