Бекшин шетелге шығатын отандастарымызды сақ болуға шақырды

24.12.2018 в 23:23

Еліміздің бас санитарлық дәрігері жаңажылдық демалыстарда шетел асатын қазақстандықтарды сақ болуға шақырды. Саяхатқа шығар алдында әсіресе сол елдегі эпидемиологиялық жағдайды анықтауға кеңес беріп отыр. Себебі, Үндістан, Сауд Арабиясы, Канада және Америка Құрама Штаттарында тырысқақ ауруы өршіп тұр.

Бүгінгі таңда аса қауіпті жұқпалы ауруға 250 мың адам шалдыққан. Салдарынан 14 адам мерт болыпты. Ал Үндістан, Қытай, Қырғызстан, Грузия мемлекеттерінде «Сібір жарасы» етек жайған. Аталған дертпен қазір 175 адам ауырып жатыр.

«Оба деген аса қауіпті ауру. Қазіргі таңда Үндістанда тіркеліп жатыр. Және де Мадагаскар елінде 19 жағдай тіркелді. Бірақ басқа елдерде де тіркеліп жатыр. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында сырттан келген жағдай тіркелді. Оқиға соңы өкінішке қарай, өлім-жітіммен аяқталды. Эбола ауруы өздеріңізге мәлім. Ол көбінесе Оңтүстік Америка елдерінде тіркеліп жатыр», – деді ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек БЕКШИН.

Жандарбек Бекшин сондай-ақ, Жаңа жылда уланып қалмау үшін қазақстандықтарға бірқатар кеңес берді. Мәселен, асқазанға ауыр тиетін еттен жасалған салаттарды тауық еті мен көкөністер қосылғандарға алмастырып, жеміс-жидекті де көптеп тұтынған жөн дейді. Бекшиннің айтуынша, мерекелік дастархандағы тағамдар дәмді ғана емес, құнарлы болуы қажет.

«Жаңажылдық мерекелік дастарханды балаларыңыз, ең жақындарыңыз үшін даярлайсыздар. Сондықтан оған баса мән беру қажет. Тағамдарды үстелге үйіп-төкпей, тек желінетін мөлшерде қою керек. Келесі күні қалдықтарды жемеген жөн. Салаттар тоңазытқышта 24 сағаттан артық сақталмауы қажет. Ал майонез қосылғандары алты сағаттан көп тұрса, жеуге болмайды. Азық-түлікті тек тексерілген жерден сатып алыңыздар. Оның қаптамасына, сертификатына жіті мән беріңіздер», – деді Жандарбек БЕКШИН.