Алматыдағы спорт мектебі директорының парамен ұсталған видеосы жарияланды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті директорды ғана емес, жаттықтырушылардан ақша бопсалаған аудиттік тексеруші маманды да ұстаған. Қаржылық тексеріс жүргізген маман мектептен шыққан қателікті жасыру үшін қомақты қаражат сұраған.
Бұл Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар және жасөспірімдер мектебінің директоры Базарханов пен мемлекеттік аудитор Досымовтың қолға түскен сәті. Спорт мектебі шығындаған қаржының 80 миллион теңгесінің негізсіз жұмсалғанын әшкереледім деген аудитор директор арқылы жаттықтырушылардан, одан қалды, мекеменің бұрынғы басшысынан да қомақты сома талап еткен.
«Орлов пен Сарокина 350 мың теңгеден барлығы 700 мың теңгені, ал мектептің бұрынғы директоры Кашкули 3 миллион теңгені Базарханов арқылы ұсынса, Досымов анықтаған қаржылық бұзушылықтарды тексеріс актісіне көрсетпей, Базархановты өзінің қылмыстық құқықбұзушылықтың жасалуына жәрдемдесуші ретінде тартқан», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің тергеушісі Нұржан ЖАҚЫПБЕКОВ.
Бірақ өз ісінің тазалығына сенген мектептің бұрынғы басшысы жемқорлыққа қарсы агенттікке хабарлаған. Ал мектеп директоры мен аудитордың әрекеті 5 айдай тергеліп, Әуезов аудандық сотына жолданды. Екі күдіктінің алдағы тағдыры тікелей судьяға байланысты. Бірақ олардың үстінен Қылмыстық кодекстің 366 бабы бойынша іс қозғалғанын ескерсек, олар 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе алған соманы 50 еселеп қайтаруы мүмкін.
«Жемқорлықпен күресуіміз керек және ол біздің міндеттіміз. Коррупцияның түрлі айлалы әрекеттерін де анықтауға мүмкіндік мол. Деректер анықталған күнде, Ұлттық бюро қатаң шаралар қолданады. Жемқорлыққа бармау осындағы әрбір басшының өзіне байланысты», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан ШАБДАР.
Алматыда Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты 19 мекеме жас спортшыларды дайындайды. Оқу орындарында 14 мыңнан астам бала білім алып жатыр. Спорт мектептерінің басшыларын жинап, қаржы жымқыруға жол бермеу керектігін түсіндірген агенттіктің өкілдері пара тұрмақ сыйлық алған мемлекеттік қызметкерлерге де аяушылық болмайтынын ескертті.
«Кез келген ата-ана спорт мектептеріндегі оқиғаларды басқарманың сайтынан көріп отыра алады. Бұйрықтар, жоспар, жобалар, оқушылардың жарысқа баруы, олардың іс-сапарға қанша ақша алатыны, тамағы сынды көптеген ақпараттарды жариялап отырамыз. Қаржылық істің ашық болуы жемқорлықтың болмауына көмектеседі», – деді Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Рүстем БАЙСЕИТОВ.
Биыл жеті ай ішінде ел көлемінде жоғары шенді 700 лауазымды азаматтың халықтың қазынасына қол салып, жемқорлыққа барғаны анықталған.
Әмірболат Құсайынұлы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы