Алматыда оқ тиіп жараланған полицей ауруханада қаза тапты. Ал оқ атқан әріптесі тек қызметтес қана емес, туысқаны да болып шықты. Аталған жағдайға байланысты Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пікір білдірді. Қайтыс болған 28 жастағы Сәбит Бегланұлы жергілікті полиция қызметінде 2014 жылдан бері жұмыс істесе, полиция лейтенанты Азамат Берістемовтің қызмет етіп жүргеніне 5 жыл болған.
Ішкі істер департаментінің мамандандырылған батальон қызметкері, 28 жастағы Сәбит Бегланұлы кеше Орталық қалалық клиникалық ауруханасында көз жұмды. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін барын салған. Десе де, ақ халаттылар қандай да бір сұхбат беруден бас тартып отыр. Олардың айтуынша, қайтыс болған полиция қызметкерінің туған-туыстары басы артық ақпарат беруге қарсылық танытқан.
«Туған-туыстары рұқсат берген жоқ. Біз ешқандай да пікір білдіре алмаймыз», – деді дәрігерлер.
Оқыс оқиға жергілікті полиция қызметі орналасқан аумақта болған. Қос қызметкер арасындағы кикілжің кезекшілік тапсыру кезінде туындаған. 29 жастағы Азамат Берістемов өз күйеу баласының басынан атқан.
«Күдікті кезекшілікке келіп, қаруды қабылдаған. Кейін гаражға автокөлікті алуға шыққан кезде, туысқанымен, яғни қарындасының күйеуімен жолыққан. Қарындасы мен күйеу баласының үш баласы бар. Соңғы 6 ай мерзімде күйеу баласы өз отбасымен бірге тұрмаған көрінеді. Кешқұрым қызметкерлер кездесіп қалған кезде жанжал туындап, соның салдарынан біріншісі қарудан оқ атқан. Кеше сағат 21.00-де жәбірленуші қайтыс болды», – деді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.
Атап өтерлігі, күдікті Азамат Берістемов өткен жылы өз қызметкерінің қолынан қаза тапқан полковник Бердібек Берістемовтың ұлы. Аталған іс бойынша «Кісі өлімі» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қазір қамауға алынған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Перизат Көмекбайқызы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы