Жантүршігерлік жол апатынан аман қалған актриса толық оңалу үшін әлі 4 айдай уақыт қажет. Одан соң да дәрігерлердің қатаң бақылауында болмақ.
Беті бері қарап, бірнеше күн бұрын травматология бөліміне ауысқан Айзада Сатыбалдиеваның жағдайын дәрігерлер «орташа ауыр» деп бағалап отыр. Жол апатынан өнер адамының бас миына ауыр зақым келіп, бірнеше қабырғасы мен cол қолы сынған. Бүгін науқастың жағдайы туралы қалалық Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары айтып берді.
«Науқас ауыр жағдайда жол апаты оқиғасынан келіп түсті. Келіп түскен кезде бірден реанимация бөлімшесіне жатқызылды. Түскен сәттен бастап бір апта бойына қажетті ем-шаралар, диагностикалық зерттеулер жасалынды. Диагнозы: қосарланған ауыр жарақат, жабық ми жарақаты, бас миының соғылуы, жабық кеуде жарақаты, сол жақтан көптеген қабырғасының сынуы, сол жақ қолының сынуы, травматикалық шок», – деді Алматы қалалық Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Оңласын ИБЕКЕНОВ.
Еске салайық, 29 желтоқсанда Абай және Сейфуллин көшелері қиылысында болған апаттан актриса Шолпан Елгезекова мен оның құрбысы және көлік жүргізушісі қаза тапты. Кейін жол-көлік оқиғасының бейнекадрлары жарияланды: Mitsubishi Galant көлігі бағдаршамның жасыл түсі жанғанда Сейфуллин бойымен қозғалысты бастаған сәтте оны Абай даңғылы бойымен аса үлкен жылдамдықта жүйткіген Mercedes Gelandewagen дәл бүйірден соққан. Мерседес жүргізушісі іле-шала оқиға орнынан қашып кеткен. Бірақ тәртіп сақшылары оны қолға түсіріп, қамауға алды. Қазір осы іске қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.