Astana Media Week пікірталас алаңында БАҚ мәселелері талқыланады

25.09.2018 00:00

Екі күннен соң Елордада Astana Media Week өз жұмысын бастайды. «Қазмедиа орталығында» өтетін халықаралық пікірталас алаңына журналистер, сарапшылар, министрлік өкілдері және қоғамдық ұйымдар қатысады.

Биылғы медиаапталықтың күн тәртібіне жас мамандардың білімі мен біліктілігі, сондай-ақ, тәжірибелі мамандардың жетіспеушілігі, техникалық телеарналардың озық техникалық базасы секілді мәселелер арнайы таңдалып алынған. Отандық және шетелдік сарапшылар қазақстандық телеарналардың дамуы мен болашағы жайында ой бөліседі. Телеарналардың мазмұнын кеңейтуге баса назар аударылса, шетелдік қонақтар үшін отандық медиаконтент ұсынылады.

«Біз медиасаладағы түрлі жаңашылдықты көрсететін компания өкілдерін шақырдық. Келгендер жобадан бастап, эфирге дейін түрлі бағдарламалар көрсететін болады. Бұл жерде өкілдер өз техникалық мүмкіндіктерін де паш етеді. Отандық компаниялардан бөлек, халықаралық қонақтар да келетінін еске саламыз», – деді ҚР АКМ Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Ләззәт СҮЙІНДІК.

Astana Media Week – Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ұйымдастыруымен екінші рет «Қазмедиа орталығында» өтіп отыр. Бұл жолы 350 адам қатысуға өтінім беріпті. Астаналық медиаапталық шеңберінде өңірлік БАҚ форумы өтеді. Басты назарға Қазақстандық телеарна саласының тәжірибелі мамандарының ұсыныстары алынады.