Қазақстандық өнертапқыштар видеоға түсіретін көзілдірік пен электронды білезік шығарды

Қазақстандық өнертапқыштар видеоға түсіретін көзілдірік пен электронды білезік шығарды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

360 градуста бейне түсіретін әлемдегі алғашқы көзілдірікті қазақстандық өнертапқыштар жасап шығарды. Оған қазірдің өзінде 70 елден тапсырыс түскен.

Отандастарымыздың тағы бір инновациялық жетістігі – сотталғандарға арналған электронды білезік. Браслеттерді пилоттық режимде еліміздегі бірнеше түзету мекемесінде сынақтан өткізіп үлгерген. Көзілдірік пен браслет шығаратын зауытты 11 желтоқсан күні жалпыұлттық телекөпірде президент Нұрсұлтан Назарбаев іске қосты.

Orbi Prime деп аталатын көзілдіріктің бір қарағанда кәдімгі күннен қорғайтын көзәйнектен айырмашылығы жоқ секілді. Салмағы жеңіл, дизайны тартымды, киюге де қолайлы. Бірақ 360 градуста бейне түсіретін көзілдіріктің әлемде аналогы жоқ. Оның ерекшелігі – камераны бекітетін құрылғылардың жоқтығы. Жоба авторларының айтуынша, мұндай көзілдірікті жасау идеясы бұрыннан болған. Алайда, бірнеше жыл бұрын оны құрастыруға қажетті материалдар болмаған. Дегенмен, алдыңғы технологияларды қолдана отырып, батарея мен видео түсіретін электрониканы шағын өлшемді көзілдірікке сыйғызған.

«Көзілдіріктің алдыңғы жағында және артында көз деңгейінде орналасқан төрт камера бар. Батырманы бассаңыз болды, кез келген бейнені сапалы түсіріп береді. Ал арнайы мобильдік қосымша арқылы түсірілген видеоны бірден телефонда өңдеп, пайдалануға болады.  Көзілдіріктің жады – 128 гигабайт», – деді жоба авторларының бірі Әділ СҰРАНШИН.

Orbi prime көзілдірігі экстремал спорт түрімен айналысатындарға, GO PRO камерасын қолданушылар мен медиа өкілдеріне арналған деуге болады. Сондай-ақ, мұны құрылыс саласында және кино түсірілімдерінде қолдануға болады. Көзілдіріктің ерекшелігі сол, қуаттап алсаңыз болғаны, бір түсіргенде 60 минутқа дейін түсірілім жасай алады.

Қазіргі таңда көзілдіріктің мың жарым данасына әлемнің 70 елінен 350 мың долларға тапсырыс түскен. Олардың басым бөлігі АҚШ, Еуроодақ елдері мен Жапония, Австралиядан түскен. Бұл – бірінші партия. Ал нарыққа екінші кезеңдегі өнімдер шығарылады. Көзәйнектің әзірге қара, қарақошқыл, және ақ пен сары араласқан 3 түсі бар. Салмағы да ауыр емес, небәрі 100 грамм. Сондықтан көзілдірікті жәй ғана күннен қорғану үшін де тағуға болады. Жоба авторлары көзілдіріктің келесі нұсқасын су кірмейтін етіп жасаймыз деп отыр.

Отандастырымздың тағы бір инновациялық жеңісі – сотталушыларға арналған электронды браслеттер. Бұл білезіктердің көмегімен қылмыскердің немесе күдіктінің қайда жүргенін нақты бақылап отыруға болады. Осы арқылы мемлекеттік бюджет қаржысын жалына 20 млрд теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.

«Біздің браслеттердің артықшылығы – адами факторларды жойдық деуге болады. Яғни, білезіктің шетелдік аналогтарында оны шешетін код немесе кілті болады. Ал мұнда ешқандай кілт жоқ. Тағу мерзімі аяқтағалғанда білезік қырқылады да, белбеуі ауыстырылады. Браслет су өтпейтіндей етіп жасалған және ішіндегі батарейка 3 жылға дейін жарамды», – деді «Kaztechinnovation» ЖШС бас инженері Спартак ЧЕМИРУК.

Ішкі істер министрлігінің серверіне түсіп отыратын сигнал арқылы объектінің қозғалысына бақылау жасалады. Және білезіктің хаккерлерден қорғанысы мықты дейді мамандар. Электронды білезік сотталушының аяғына тағылады екен. Шұлық немесе аяқ киім кигенде кедергі келтірмейді дейді жоба авторлары. Егерде, браслетті алып тастауға немесе өшіруге тырысса бірден дабыл қағып, белгі береді. Тамыз айынан бастап браслеттер Талдықорған, Алматы, Астана қалаларындағы түзету мекемелерінде сынақтан өткізіліп, сәтті шыққан.


Тоғжан Жалғасбекқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров