Қазақ тіліндегі фильмдер прайм-тайм уақытында көрсетілуі тиіс – қоғам белсенділері

Қазақ тіліндегі фильмдер прайм-тайм уақытында көрсетілуі тиіс – қоғам белсенділері
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Қазақ тіліне дубляждалған фильмдер кинотеатрларда прайм-тайм уақытында көрсетілуі тиіс». Дәл осындай талаппен еліміздің қоғам белсенділері әлеуметтік желілерде петиция орналастырып, қол жинауда. Небәрі, 1 аптаның ішінде 30 мыңнан астам қазақстандық «Мен киноны қазақша көргім келеді» атауымен жазылған петицияға үн қосып, қолдау білдірген. Ал еліміздегі кинотеатрлар бұған қалай қарайды?

«Мен киноны неге қазақша көре алмаймын?». Фэйсбук парақшасында дәл осындай атаумен жарияланған пост қоғам белсендісі Мәди Манатбектің назарына ілігеді. Қазақтың қара домалақтары анимациялық фильмдерді мемлекеттік тілде көре алмайтыны қынжылтады дейді ол. Бұдан соң Мәди Манатбек қазақ тіліне жаны ашитын тағы бірқатар азаматпен бірлесіп, мәселені талқыға салады. Осылайша, петиция жазу туралы ой келген екен.

«Петицияны «Мен киноны қазақша көргім келеді» деп әдейі жаздық. Осы күнге дейін қол қойғандар саны 30 мыңнан асты. Оған Айдос Сарым, Шыңғыс Мұқан, Белла Орынбеттің көп көмегі тиді, әлі де тиеді. Бірақ негізінен, қол қойып жатқан сол Астана мен Алматы, Шымкент сияқты ірі қалалар, қазақтың қазағы бұзылмаған өңірлері, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстары, жалпы, барлығы атсалысуы керек деп ойлаймын. Бұл біздің жеке мүддеміз емес. Бұл елге керек дүние. Сондықтан ел көп болып талап ететін болса, көп түкірсе көл дейді», – деді қоғам белсендісі Мәди МАНАТБЕК.

Қолтаңбалар көп жиналғаннан кейін петиция Президент әкімшілігіне, Үкіметке, басқа да тиісті органдарға жолданбақ. Бұдан бөлек, жақын күндері қоғам белсенділері ел тұрғындарына сауалнама таратпақ ойда. Онда «Киноны қазақша көргіңіз келеді ме?», «Фильмдер қазақ тіліне дубляждалуы қажет пе?» деген сияқты сұрақтар қойылмақ. Мәди Манатбек елдегі кей кинотеатрлар тұтынушының құқығын бұзатынын алға тартты.

«Кинотеатр басшыларының айтатыны: киноны қазақша қойсақ, көрушілер аз келеді. Бұл әсте дұрыс емес. Бұл заңға қайшы. Бұл тұтынушының құқығын бұзу. Қазақтілді тұтынушының құқығын бұзу. Неге? Осы уақытқа дейін фильмдер, анимациялар түске дейін ғана беріліп келді. Біз мына петицияны бастағаннан кейін кешкі уақытқа қоя бастады. Оның өзінде Астанада бірең-сараң кинотеатрында ғана өзгеріс бар. Олар қазақша фильмдерді кешкі уақытқа бір жыл бойы қойып көрсін. Ел сол кезде үйренеді», – дейді Мәди МАНАТБЕК.

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін бірқатар кинотеатр әкімшілеріне де хабарластық. Олардың айтуынша, прайм-тайм жұмыс күндері кешкі 19:00-ден бастап түнгі 22:00-ге дейінгі уақытты қамтиды. Алайда, кинотеатрдың бірі қазақ тіліне дубляждалған туындыларды дәл осы уақыт аралығында қою тиімсіз дейді.

«Егер қазақ тіліндегі фильмдерді прайм-тайм уақытында көрсетуге міндеттесе, орыстілді көрермендерден айырыламыз. Демек прокаттан түсетін пайдадан құр қаламыз. Себебі, жұмыс күндерінде кинотеатрлардағы прайм-таймда сеанстардың прокатынан 50%-дан 70%-ға дейін пайда келеді. Сондықтан бұл ретте киноға билеттер құнын реттейтін заң болмаса, шығынды дәл осы билеттерді қымбаттатып өндіруге тура келеді», – деді «Арман» кинотеатрының директоры Асыл БҰХАРБАЕВ.

Ал жуырда ғана Парламент сенаты «Кинематография» туралы заң жобасын қабылдады. Мемлекет басшысы заңға қол қойған сәттен бастап, фильм прокаттарының тілдік саясаты өзгермек. Белгілі болғаны, елімізде көрсетілген 500-ге жуық шетелдік фильм прокатқа қазақ тіліндегі нұсқасыз шығып отырған. Заң аясында мәселені шешу үшін дубляж, субтитрлеу немесе кадрдан тыс аударма жасау сияқты жолдар ұсынылып отыр.

«Субтитр, дубляж жасау билет құнына ешқалай әсер етпейді. Себебі, бұған өнімді жеткізуші, яғни оның құқық иесі немесе дистрибьютор жауапты. Ал прайм-тайм уақытына келсек, біз тілді таңдамаймыз. Сапалы өнім болса, біз қай тілде болсын қоя береміз», – деді «Chaplin Cinemas» кинотеатрлар желісінің коммерциялық директоры Дмитрий КИРИЕНКО.

Ал халық қалаулылары фильмдерге міндетті түрде толыққанды дубляж жасау қажет дегенді алға тартады. Себебі, анимациялық туындыларды, көбінесе әріп тани қоймаған балғындар қарайды.

«Мен ол мәселені көтеремін, қозғаймын, қолдаймын. Шынымен де, астындағы субтитрді 4 жасар баланың оқу мүмкіншілігі жоқ. Сондықтан да оның барлығы да дубляждалуы керек. Бұл жерде заң қабылданғандарға нормативтік құжаттар, заңға қосымша қабылданатын, министрліктің өзі қабылдайтын арнайы құжаттар бар. Сондықтан да бұл министрліктің жауапкершілігінде деп ойлаймын», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытгүл ХАМЕНОВА.

Анықталғандай, елімізде қазір дубляж жасауда ешқандай проблема жоқ. Керісінше, сала жетіліп келеді дейді мамандар.

«Қайсыбір туынды болмасын, соның барлығын кәсіби деңгейде өзіміздің қазақ тілді көрерменге жақсы көрсетіле берсе және жиі көрсетілсе екен деген ниетпен жасаған дүниеміз ғой. Өйткені, фильмдер күнде шығып жатыр. Кинотеатрларға, прокатқа жылына 300-500 астам фильмдер келіп жатыр. Біздің аударғанымызбен салыстырғанда, жалпы, қазақшаға дыбысталған фильмдер тіпті, 1 пайызды да құрамайды екен. Бұл қазақтілді азаматтарды қынжылтады», – деді қазақ тіліндегі дубляж режиссері Шах-Мұрат ОРДАБАЕВ.

Петицияның кинотеатрларға қалайша әсер ететіні әлі белгісіз. Бір білетініміз, қазақ тіліне дубляждалған фильмдер саны артады. Бұған жуырда ғана қабылданған заң жобасы әсер етері сөзсіз дейді көпшілік. Әйтпесе, биыл елімізде 4 анимациялық фильм ғана қазақшағаланған. Ал бұл көрсеткіш Қазақстанға әкелінетін 500 шетелдік кинотуындының 1 пайызына да жетпейді.

Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров