Еліміздің құзырлы органдары биыл қос мемлекеттің азаматтығын иемденген 15 мыңнан астам адамды әшкереледі. Олардың барлығы Қазақстан төлқұжатымен бірге, Ресей паспортын ұстаған.
Заңның осал жерін пайдаланып, бірден екі мемлекеттің құжатына қол жеткізгендердің басты мақсаты – ым-жымсыз көршілес елдерде кезекпен зейнетақы алу болған. Мұны мәжілісте Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Қазақстан мен Тәжікістан арасындағы көші-қон туралы келісімді ратификциялау барысында айтты.
«Осындай заңдағы осалдықты пайдаланған 15 260 адамды анықтадық. Олардың 550-і қылмыстық жауапқа тартылды. 102 азамат елден шығарылса, қалғандары айыппұл төледі. Біз бүгін таныстырған Қазақстан мен Тәжікстан Үкіметтерінің арасындағы көші-қон туралы келісім осындай жағдайларды толықтай жояды», – деді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.
Көші-қон жайындағы құжат Ресей Федерациясымен де жасалады деді министр. Ол сондай-ақ, Ақтаудағы металл сынықтарын қабылдау базасында екі адамның өмірін жалмаған жарылысқа қатысты пікір білдірді.
«Кеше жергілікті уақыт бойынша сағат 17:25-те Ақтаудағы металл сынықтарын қабылдау орындарының бірінде жарылыс болды. Еш жерде тіркелмеген көлікпен металл іздеушілер оны өткізу барысында жарылыс орын алған. Темірді қабылдаушы мен тапсырушы қаза тапты. Үшеуі жарақаттанған. Барлығы да Ақтау қаласының тұрғындары», – деді Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.