Алматыда Елбасы жолдауын түсіндіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Осы уақытқа дейін 150-ге жуық іс-шара өткен. Бүгін президент жолдауындағы көзделген міндеттерді кеңінен түсіндіру мақсатында премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев бастаған топ «оңтүстік астанаға» арнайы келді. Қалалық әкімдікте вице-премьер мен халық қалаулылары жолдауды кеңінен талқылап, оны жүзеге асыру жоспарларымен бөлісті.
Маңызды жиынға Ерболат Досаев бастаған Республикалық ақпараттық топтан жалпы саны 13 адам арнайы келген. Кездесуге қалалық құрылымдардың басшылары, аудан әкімдері, мәслихат депутаттары және қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Қала активімен кездесуде алғаш болып сөз алған Ерболат Досаев келесі жылдан бастап ең төменгі жалақының қанша теңгеге өсетініне тоқталды. Оның айтуынша, бұл мақсатқа жыл сайын 86 миллиард теңге бөлінеді екен.
«Қазақстан бойынша 1 миллион 300 мың қызметкердің жалақысы өсетін болады. Соның ішінде Алматыда 176 400 қызметкердің айлық жалақысына 30 пайыз қосылады. Азаматтық қызметтегі 275 мың жұмысшының жалақысы 35 пайызға артады», - деді ҚР премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаев аталған жиын барысында.
Бүгінгі таңда Алматыда Елбасы жолдауын түсіндіру жұмыстары қарқын алған. Қала әкімі Бауыржан Байбектің айтуынша, өткізілген 150-ге жуық іс-шара 14 мыңнан астам адамды қамтыпты. Бұл жұмыстар одан әрі де жалғаса бермек.
«Біз қалалық әкімдік тарапынан нақты іс-шаралар жоспарын бекіттік. Сол бойынша жұмысты бастап кеттік. Сондықтан, үкіметтің қолдауымен біз Елбасы берген тапсырмаларды толық және уақытылы жүзеге асырамыз», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.
Сонымен қатар, жолдауда айтылған инфрақұрылымды жақсарту мәселесі де сөз болды. Өткен жылы елімізде 100 мыңнан астам жанұя баспаналы болған екен. Ал, Алматыда 16 мың 482 пәтерлі тұрғын үйдің іргетасы қаланған. Жаңадан салынып жатқан үйлерге инженерлік жүйелерді тарту үшін Елбасы тапсырмасы бойынша жыл сайын 100 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінбек.
«Алматы әкімдігі Елбасы жолдауы бойынша қарқынды жұмыс істеп жатқан алғашқы қала. Мұнда жастарды қолжетімді баспанамен қамту бағдарламасы оң нәтиже беріп жатыр. Мұндай тәжірибені басқа өңірлердегі жергілікті билік өкілдері де қолданып бастады. Бұл өте жақсы көрсеткіш деп ойлаймын», - деп атап өтті ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев.
Келер жылдың 1 қыркүйегіне қарай 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамудың стратегиясы жасалады, мұнда басқарылатын урбанизацияға аса мән берілмек. Халықты орналастыру, өңірлердің арнайы салаларын анықтау, өнідірісті дамыту, инфрақұрылымды қамтамасыз ету осы призма арқылы жүзеге асады, ал бұл ел өңірлерінде кіші урбанизацияның дамуына тың серпін береді.
Сонымен қатар, жиында өңірлердегі тұрғындардың өмірін жақсарту «Нұрлы Жол» және «Нұрлы Жер» сынды бағдарламаларды 2025 жылға дейін жүзеге асырумен тікелей байланысты екені айтылды. Алматының өзінде ғана жыл аяғына дейін 2 млн шаршы метр тұрғын үйді іске қосу жоспарланған.
Өмір Ануарбек, Арсен Сандыбаев, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы