|
19.10.2018 | 18:52
7756

Алматыдағы кейбір көпқабатты үйлерге неліктен жылу жетпей жатыр – мамандар жауабы

 Алматыдағы кейбір көпқабатты үйлерге неліктен жылу жетпей жатыр – мамандар жауабы

Алматыда жылыту маусымы басталса да, кей пәтерлердің тұрғындары күздің ызғарын тартып отыр. «Жылу желілері» мекемесіне күніне 150-ден астам тұрғын шағымданады екен. Бұған не себеп болды? Жылудың кей тұрғынның жайына жетпей жатқанына кім кінәлі?

Жароков көшесінде орналасқан мына көпқабатты үйдің тұрғындары күн көзі сәл жылт етсе, уақыттарын далада өткізуге тырысады. Өйткені, пәтерлері қара тастай суық көрінеді. Алматыда жылу берілгеніне 1 аптаға жуықтаса да, мұндағы жұрт әлі жылуға жарымай отырмыз дейді. Үйдегі батареялары жылымай, әуреге түскен тұтынушылар жауапты мекеменің барлығына хабарласқан.

«Пәтерімізде әлі күнге жылу жоқ, бүрсең қағып отырмыз. Бір бөлмеміздің батареясы сәл жылыса, басқа бөлмелердікі мұздай суық болып тұр. Кішкентай балаларымызға обал. Кеше жұмысшылар келіп көріп, жөндегендей болды. Бірақ әлі де суық», – дейді тұрғын Наталья ГАНИНА.

«Бүгін міне, 19-ы болды, бірақ  бізге әлі жылу берілген жоқ. Кеше ПИК-ке хабарласып едім, «түске дейін үйіңізде болыңыз, жөндеп береміз» деді. Бірақ содан бері ешкім келмеді. Өзім қайта-қайта қоңырау шалып, телефондарына жауап бермеген соң кеңселеріне бардым. Сөйтсем, телефондарын тоғынан ажыратып тастапты», – дейді тағы бір тұрғын Светлана ГАБИШЕВА.

Қазанның қара суығында тұрғындарды тоңдырып, төбе көрсетпеген Пәтер иелері кооперативі өкілдерінің барлығы өздерінің жылы кеңселерінде отыр екен. Арызданушыларға мардымды жауап бермеген кооператив төрағасы түсірілім тобын көре сала, алдағы демалыста барлық ақауды ретке келтіретінін жеткізді.

«Біз жылуды енді жібердік, жылу жүйесіне барлық үйлер қосылған. Осы жексенбіге дейін жылу әр пәтерге беріледі», – деді «Ақ қайың» ПИК төрағасы Мұхамедхали СЕЙДУӘЛИЕВ.

Дегенмен, 72 пәтердің тұрғындарын тоңдырып, қол қусырып қарап отырған Пәтер иелері кооперативінің осалдығын «Алматының жылу желілері» ретке келтіруге көшті. Сөйтсе, көпқабатты үйдің құбырлары жылыту маусымына тиісті дайындалмаған болып шықты.  Ала жаздай тазаланбаған құбыр жарылып, үйдің жертөлесін су басқан. Соның салдарынан жылу жіберілмепті.

«Мұнда құбырлардың басындағы вентильді ашып, оны жабуды ұмытып кеткен. Соның салдарынан пәтерлерге жылу толық жетпей қалған. Жалпы Пәтер иелері кооперативі жылыту желісіне жазда жөндеу жасау керек. Ал жылуға қосылардың алдында құбырларға су жіберуі қажет. Көпшілігі осыны ескермейді. Құбырларда азын-аулақ су болған соң олар шіріп, жарылып жатады», – деді «Алматы жылу желілері» ЖШС аумақ басшысы Степан ВОРОНИН.

Пәтер иелері кооперативінің жауапсыздығынан Төлебаев көшесіндегі мына көпқабатты үйдің де тұрғындары 3 күннен бері жылусыз қалған. Қазанның он жетісінде осындағы бірінші қабаттағы пәтердің батареясы жарылып, салдарынан өзге үйлердің де жылуы өшіріліпті. Қара суыққа шыдамаған тұрғындар қанша шағымданса да, жауапты кооператив ақауды орнына келтіруге асықпаған. Тек бүгін түсірілім тобы келетінін ести сала, құбырларды қайта жөндеп, жұртқа жылу жіберді.

«Қазір қалада пәтерлердің дұрыс жылымауының негізгі екі себебі бар. Біріншіден, құбырларда ауа қалып қойған. Екіншіден, жылуды дұрыс жүйелемеу. Кей тұрғындар едендеріне жылыту құбырларын қойып, радиаторларды өшіріп тастаған. Соның салдары көпқабатты үйге түгелдей әсер етіп отыр. Біздің мекеме жылуды үйге дейін жеткізіп береді, әрмен қарай оны қосып, ақауларын жөндеу, реттеу ПИК-тің міндеті», – деді Алматы қаласы ТҮКШ Жылу-энерго кешендерінің ресми өкілі Ян ГИРИН.

«Алматы жылу желілері» мекемесіне соңғы екі күнде 250 тұрғыннан арыз түскен. Барлығы да пәтерлерінің суық екенін айтып шағымданған. Жауапты мекеме жүргізген тексеріс кезінде үйлеріне жылу берілмей отырғандардың 90 пайызына ПИК қызметінің осалдығы себеп болып шыққан.


Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир