Мәслихат тұрғанда, Қоғамдық кеңестің керегі қанша? Бүгін Парламент сенатының депутаттары, министрлік өкілдері мен аймақтық әкімдік қызметкерлері жергілікті мемлекеттік басқару жүйесін қалай жетілдіру керегін ақылдасты. Кездесуде белсенділерден тұратын кеңеске де «саяси күш» беру жөнінде айтылды.
Аймақтардағы қоғамдық кеңес қызметін Қоғамдық даму вице-министрі Сергей Коновалов сынады. Оның айтуынша, тәуелсіздік алғаннан бері аталған кеңес жергілікті мәслихат депутаттарының іс-әрекетін қайталап келеді. Мысалы, жергілікті депутаттарға жүктелген нормативтік-құқықтық актілер жобалары Қоғамдық кеңесте де қаралатындықтан, вице-министр екі жақтың қызметін жіктеуді ұсынды. Ол Қоғамдық кеңес құрамында азаматтық қоғам, қарапайым халықтан шыққандар мен белсенділер аз деді.
«Жұмысшыларды ауыстыру тетіктері болуы тиіс. Қоғамдық кеңестер құрамындағы кейбір мүшелер өздерінің міндеттерін лайықты деңгейде атқармайды. Осы орайда, ол жерлерде теңгерімсіздік туындайды. Бір-екі адам белсенді жұмыс істесе, қалғандары қол қусырып отырады. Бұл тұрғыда кеңес жұмысының қадірін кетіруге болмайды», – деді ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Сергей КОНОВАЛОВ.
Вице-министр Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұсынысын ұмытпауды да меңзеді. Құжатта қоғамдық кеңестерде азаматтық қоғам өкілдерін 90 пайызға дейін жеткізу керек делінген. Бұл жай ғана құрылған орган емес, ауыл, аймақ, қала тынысын бақылайтын кеңес екенін еске салды. «Құрамында шенеуніктер көп» деген Коноваловтың сөзімен сенатор Асқар Бейсенбаев келіспеді. Депутат Қазақстанда енді құрылған кеңес беру институтын мемлекеттік қызметшілерден артық ешкім білмейтінін алға тартты.
«Олар мәселені өздері шешіп жатыр. Болашақта солай болуы керек. Бірақ қазір бірінші уақытта білмеген мәселелеріне толық жауап алу үшін Қоғамдық кеңестің жұмысын дұрыс ұйымдастыру үшін, қажетті атқару биліктің өкілдері, олар басшылар емес, қарапайым жұмысшылары жұмыс дұрыстап атқару үшін керек», – деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Асқар БЕЙСЕНБАЕВ.
Бүгінгі күні Қазақстанда 229 қоғамдық кеңес жұмыс істеп жатыр. Олардың негізгі бөлігі аудандық және қалалық деңгейде. Кеңестер жұмысына 4 мыңға жуық адам тартылған. Оның 22 пайызы мемлекеттік орган, 20 пайызы үкіметтік емес ұйымның өкілдері екен.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана