«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы 5 жылға ұзартылды

08.10.2018 23:34

Елбасының халыққа жолдаған жолдауынан кейін, кәсіпкерлерге қолдау одан әрі күшейтілмек. Енді алматылық іскерлер үшін тағы да 20 миллиард теңге қарастырылмақ. Бұл сомма «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында үлестірілмек. Қаражатқа дәмелі кәсіпкердің жобасы қандай талаптарға сай болуы шарт?  

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасының шарапатын көрген компанияның бірі Қазақстан нарығында 13 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 500 түрлі тауар түрін шығаратын кәсіпорын күніне кем дегенде, 7 тонна кисель, одан бөлек, сан түрлі дәмдеуіштер мен қара бұрыш, шай және жаңғақтан жасалған тәттілерді даярлайды. Тәулігіне бас-аяғы, 12 тонна өнім шығарады. Қанттан басқа барлық шикізатты шетелден әкелетін зауыттың өнімдері отандық нарықтан бөлек, Ресей, Өзбекстан, Беларусь және Қырғыз еліне экспортқа жіберіледі. Шикізатты сырттан доллармен сатып алғандарына қарамастан, тауарлардың бағасы өзге елдің өнімінен 30 пайызға арзан. 11 жыл бойы нысанды жалға алып, жұмыс істеп келген кәсіпорын «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы субсидияға қол жеткізген. Соның арқасында зауыт ғимаратын толықтай сатып алған. Ал айналымдағы ақшаны өндіріс қуаттылығын 40 пайызға көтеруге жұмсапты.

«555 миллион теңге қаржы алдық. 355 миллионына ғимарат сатып алдық. Қалған 200 миллион теңгесіне өздеріңіз көріп тұрған құрылғыларды алдық. Сондай-ақ, шикізат алдық, қосымша құрылысқа жұмсадық», – дейді кәсіпорынның қаржы директоры Жанна ӘЗІМБАЕВА.

10 жылға жоспарланған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы енді Елбасының тікелей тапсырмасымен тағы 5 жылға ұзартылды. 2010 жылдан бері бастау алған бұл бағдарламаның қолдауын 775 кәсіпкер көрген. 225 миллиард теңгені құрайтын жобаларды субсидиялау қарастырылған. Енді алдағы 3 жылға тағы да миллиардтаған сома бөлінбек.  

«Елбасымыз айтқандай, бұл бағдарлама 2025 жылға дейін созылатын болады. Келесі 3 жылдық жоспарға 20 миллиард теңгедей ақша қарастырылады деп отырмыз. Оның ішінде, республикалық та, жергілікті де бюджет бар. Сала арасын алатын болсақ, ол өңдеу өнеркәсібіне тиісті. Осы көмекті алған кәсіпкерлердің 52 пайызы осы өңдеу өнеркәсібіне тиісті», – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Эльмира ЕСЕЕВА.

Сондай-ақ, 7 пайыздық субсидияға іліккендердің қатарында 17 пайызы көлік және логистика, 8 пайызы білім, 6 пайызы денсаулық сақтау салаларына тиесілі болыпты. «Бизнестің жол картасы» арқылы берілетін максималды қаражат көлемі 2,5 миллиард теңгені құрайды. Іскерлердің ісін қолдау арқылы Алматыда осы бағдарлама аясында 3 жылда 3 мың жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Бағдарлама бойынша басты талап та осы, азаматтарды кәсіпкерлік саласына тарту. Жылына 70 миллиард теңге салықтық түсім қазынаны да біршама қампайтпақ.


Әйкерім Ердәулетқызы, Нұрлан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы