Алматы облысында Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі ашылды

27.12.2018 23:36

Алматы облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ашылды. Талғар ауданының Жаңалық ауылында  репрессия құрбандарын мәңгі есте сақтау үшін ашылған мұражай 3 экспозициялық залдан тұрады.

Облыс әкімі музейді ашудағы басты мақсат – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Елбасының тапсырмасын орындау дейді. Өңір басшысы мұражай ғимаратының әлі де кеңейе түсетінін айтты. Ал ғалымдар Жаңалық ауылындағы үйлердің ауласынан шығып жатқан адам сүйектерін қайта көметін пантеон жасалады деді.

Сырты ақ, іші қара мәрмәрдан тұратын музей 1916-1986 жылдар арасындағы қуғындау кезеңдерін қамтығанмен, негізінен, 1937-38 жылдардағы сталиндік фашизмнің ауыр көріністеріне басымдық берген. Облыстық бюджеттен бөлінген 260 миллион теңгеге салынған мұражайдың ашылу рәсіміне ғалымдар мен қуғынға ұшыраған жандардың ұрпақтары жиналды.

«Тарихымызды білмесек, болашақта ешқашан жақсы дәрежеге жетпейміз. Конференция залын жасап қойдық. Онда келген адамдар ойларын, пікірлерін айтады. Ол жерге 12 адамдық штат бөлінген. Көлікпен қамту сияқты өзге де мәселелерді шешіп қойдық. Бұл болашақта үлкен ғылыми орталық болады», – деді Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ.

Үш залдан тұратын, аумағы 635 шаршы метрлік музейде атылған азаматтардың қолданған жеке заттары, құжаттық мұрағаттары, жендеттердің желкеден атқан оғының қабы сынды көптеген көне заттар қойылған. Құдды тірі жандардай жан тебірентетін мына экспонаттар төрт диорамадан тұрады. Біріншісінде тергеуден қажыған қайраткерлер мен желкелеп жатқан жендеттердің экспонаттары бейнеленсе, келесі бөлме ату дәлізіне апара жатқан жағдайды бейнелейді. Қалған екі диорамада әйелдердің тұрмедегі және баласынан айырылу кезіндегі көріністері қойылған.

Қабырғадағы қара тақтаға жазықсыз атылған 4125 адамның аты жазылып, әрқайсына жеке нөмір берілген. Аты-жөнінің тұсындағы нөмірді мониторда теріп, ол адам туралы ақпаратты анықтауға болады. Қазақтың қаймағы саналған сол кездегі тұлғалардың немен айналысқаны, қандай баппен айып тағылып, қай күні қаза тапқанын да көруге болады

Ақын Бақытбек Бәміштің айтуынша, Сталиндік қуғындаудың құрығы Қазақстаннан тыс, қазақтар қоныс тептен өзге елдерге де жеткен. Қобда беті мен өр Алтайда атылған адамдардың саны әлі анық емес. Сондықтан Қытай, Моңғолияда тірідей көмілген, атылған құрбандарды да зерттеп, зерделеу керек дейді ғалымдар.

«Ел мен жер үшін, ұлттың мүддесі үшін құрбан болған ата-бабаларымыздың бостандық, еркіндік, тәуелсіздік жолында қалай құрбан болғанын көрсететін жақсы мұражай екен. Қуғын-сүргін тек Кеңес үкіметінің шеңберінде ғана шектеліп қалған жоқ. Сталиннің репрессиясы шетелдегі қазақтарды да қамтыған болатын», – дейді ақын Бақытбек БӘМІШ.

«Адамдар тар коридормен жүретін болған. Әрі-бері бұрыла алмайды. Сол кездері есікті ашады. Есіктің артында винтовка тұрған. Мынадай тесіктер болған. Қарудан атылған оқ адамның шүйдесінен дәл тиіп отырған. Қаруды ешқашан көздеп отырмаған. Бірақ осы жерден табылған адамдардың бәрінің желкесінен оқ тигені анықталған», – деді «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамының жетекшісі Ғарифулла ӘНЕС.

Қазақтың ешқашан жазылмайтын жарасы, ұлттық трагедиясына айналған саяси қуғын-сүргін құрбандары ақталғанымен, азаттық үшін арпалысқан, ауыл арасынан шыққан мыңдаған азаматтар «банды» деп сұраусыз атылып кетсе де, мемлекет оларды әлі ақтаған жоқ. Музей директорынның айтуынша, 1937-38 жылдары атылған адамдардың саны 25 мың емес, 44 мың адамға жектен. Алдағы уақытта оларды да ақтау, зерттеу жұмысымен айналысып, музей жанынан құрбандарды жерлейтін пантеон ашу жоспарда бар екен.


Әмірболат Құсайынұлы, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы