Алматы барахолкасында жоғалған жігіттің туыстары полицейлер үстінен шағымданды

13.12.2018 23:36

Алматының барахолка базарында із-түссіз жоғалып кеткен Мәди Қарамолдаевтың туыстары қол қусырып отырған тәртіп сақшыларына наразы.

Сөздерінше, Мәди жоғалғаны күні оны Қапшағай көпірінде жол патрульдік полиция қызметкерлері емес, Абзал Маралбек есімді азамат тауып алған. Ол Мәдиді тәртіп сақшыларының қолына сол күні тапсырған.

«Мен Қапшағай қаласынан Алматыға келе жатып, бір жігіттің қол көтеріп тұрғанын байқадым. Ол жігіттің айтуы бойынша Тараз қаласынан осы Алматыға келіп, бауырларымен бірге Алматы қаласында адасып кеткен екен. Ол жігіттің есімі Қарамолдаев Мәди деген жігіт. Ол жігітті мен Алматы қаласына алып келіп, 102 қызметкерлеріне хабарласып, сол кісілердің, яғни, Түрксіб ауданы патрульдерінің қолына тапсырғанмын», – деді РУВД-ға Абзал МАРАЛБЕК.

Мәдидің отбасы Жетісу аудандық Ішкі істер басқармасы мен Түрксіб аудандық полиция бөлімшесінің қызметкерлері ісіне салғырт қараған деп отыр. Тәртіп сақшылары іздеуде жүрген жігітті ақыл-есі кем екеніне қарамастан жібере салған дейді. Мәдидің туыстарын таңғалдырғаны сол, оның қалтасында жоғалғаны жөнінде жазылған қағаз да болыпты. Оны тауып алған Абзал Маралбек те растап отыр. Бүгін жігіттің туыстары ісіне жүрдім-бардым қараған тәртіп сақшыларының үстінен қалалық Ішкі істер департаменті мен прокуратураға арыз жазды.

«Мәдидің қалтасында қағаз болған. Яғни, оған, менің ағам Мәдиге біреулер көмектесіп, орысша: «Помогите найти, довести до Сайрана. И отправить там в Чу» деп қағазға хабарлама жазып берген. Қағазда оның аты-жөні де жазылып тұр екен. Қарамолдиев Мәди деген бөлек қағазға жазылған. Полиция қызметкерлері Мәдиді көрген кезде жоғалған тұлғалар бойынша деректер базасын ашып қарамаған», – дейді М. Қарамолдаевтың інісі Арман ОЛЖАБАЙ.

Еске сала кетейік, жамбылдық жас жігіт Алматы барахолкасында 20 қараша күні жоғалып кеткен еді. 27 жастағы Мәди Қарамолдаев базар ішінде адасып, кейін белгісіз бағытқа бет алған. Ақыл-есі төмен жігітті жақындары мен полицейлер іздеуді тоқтатқан жоқ.