Алматыда аядай 3 бөлмелі пәтердегі емханаға қаралып жүргендер үшін жағымды жаңалық. Жуық арада 13 мың тұрғыны бар «Мамыр-1» ықшамауданында су жаңа емхана бой көтереді. Өйткені, тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан мекеме жұртқа тарлық етіп, әбден қажытқан. Түйткілді мәселенің шешілер күні жақын.
Бұл Алматының «Мамыр-1» ықшам ауданында орналасқан №18 емхананың бөлімшесі. Халық оның дәл осы жерде 20 жылдан бері тұрғанын айтады. Негізі, дәрігерлер мен көрсетілетін медициналық көмекке қатысты жұрттың айтар уәжі жоқ. Тек нысан іші тар болғандықтан, емін-еркін жүру қолайсыздық туғызады дейді. Сондықтан жаңа емхана тұрғызылады дегенде қуанғандарын жеткізді.
«Дәрігерлері жақсы қарайды. Шақырғанда, тез жетеді. Дегенмен, емхананың іші тым тар. Әсіресе, таңертең келушілер әрең сыяды», – дейді науқастар.
Науқастарға ыңғайсыздық туып жатқанын бас дәрігер Гүлнәр Қасымова да түсінеді. Биыл Денсаулық сақтау басқармасы атынан қала әкімдігіне жаңа ғимарат салу үшін өтінім де берген. Айтуынша, кішігірім емхана заман талабынан қалыс қалып жатқан жоқ. Керісінше, сандық технологияға кезең-кезеңімен көшуде. Қазір мұнда электронды амбулатория, науқастарды қашықтан қабылдауға жазу барынша жеңілдетілген.
«Емханаға жаңа ғимарат ауадай қажет. Егер оған көшсек, науқастарға көрсетілетін көмек сапасы жақсарар еді. Кішкентай бөлімше әлбетте, техникалық жағынан әлсіз. Десе де, медицинаның барлық түрі бойынша қызмет көрсетеміз. Ал жаңа емхана медицинадағы соңғы құрал жабдықтармен жабдықталады. Қазіргі заманғы сандық құрылғылар сатылып алынады деп жоспарлап отырмыз», – деді Алматы қаласы №18 емхананың бас дәрігері Гүлнәр ҚАСЫМОВА.
Халықтың көптен күткен емханасына әкімдік арнайы жер телімін бөлген. Жоспар бойынша, жаңа ғимараттың жалпы ауданы 3900 шаршы метр болмақ. 2 қабаттан тұратын емхана барлық заманауи талаптарға сай салынады дейді мамандар. Мекеме ауысымына 100 келушіге дейін қызмет көрсетеді.
«Қазіргі уақытта «Мамыр-1» шағын ауданында ауысымына 100 келушіні қабылдайтын емхананың жобалық-сметалық құжаттамасы 100 пайызға дайын. Мемлекеттік сараптамаға тексеруге өткізілді. Оң қорытындысын алу ағымдағы жылдың 15 желтоқсанына жоспарланған», – деді Алматы қаласы Құрылыс басқармасының жобалық техникалық бөлімінің басшысы Әділбек БАПАҚОВ.
Енді тиісті басқарма құрылыс-монтаждық жұмыстарды қаржыландыру үшін жергілікті бюджетке сұрау салатын болады. Қаражат бөліне салысымен, емхананың құрылысы бірден басталады дейді жауаптылар. Жалпы, бұл жұмыстарды 2019-шы жылдың бірінші жартысында жүзеге асыру көзделіп отыр.
Жадыра Омаржан, Нұржан Оразбеков, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы