Алматыда жайма базарлар сүріліп, заңсыз сауда жасағандарға айыппұл салынды

03.10.2018 23:54

Алматыда жол бойын жайма базарға айналдыратындармен күрес күшейтілсе де, жабайы саудаға тосқауыл қойылмай тұр. Бір ғана Алмалы ауданындағы саудагерлер 5 миллион теңгеге жуық айыппұл арқалады. Олар қала көркіне нұқсан келтіргені және жабайы саудамен айналысқаны үшін жазаланған. Бүгін де аудандағы базарларды сүзіп шыққан тексерушілер 9 адамға айыппұл салды.

Алмалы ауданының Прокофьев көшесіндегі жүргіншілер жолын заңсыз басып, аумақты майшелпекке айналдырған саудагерлермен күресу үшін полицейлер бүгін білек сыбана келді. Сақшылар көшедегі қозғалысты тоқтатып, жайма базарларды жиыстыруды жоспарлаған. Алайда, мұнда күндегі көріністің бірі байқалмады. Әдетте көше бойын жағалай құрылыс материалдарын сатып жататын саудагерлердің қарасы да көрінбейді. Қоймаларына қара құлып салып, бой тасалап кеткен.

«Жалпы, саудагерлердің жұмысқа шықпағанын білмеймін. Біз келе жатқан кезде барлығы жабылып үлгереді. Олардың сауда жасауына қарсы емеспіз, заңды салықтарын төлеп тұрады, қанша дегенмен, біршама адам жұмыспен қамтылып отыр. Тек сыртқа шықпаса, жаяу жүргіншілердің жолына қиындық туғызбаса дейміз», – деді Алматы қаласы Алмалы ауданы Кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бас маманы Гапур БАҚТИЯРОВ.

Қулыққа салған саудагерлердің өздері жазадан жеңіл құтылғанымен, қоймаларына зақым келді. Арнайы техникамен келген тексерушілер жол жиегінде жақын тұрған қоймаларды сүруге кірісті. Одан бөлек, қалған құрылыс материалдары мен темір-терсектерді тиеп әкетті. Бұған дейін көше тұрғындары жүруге ұлтарақтай жер таппағанын айтып, талай шағымданған екен. Бірақ мұны құлаққа ілген саудагерлер табылмапты. Бүгін жайма базардың жиылып жатқанын көргендер алғыстарын жаудырды.

Осы маңнан арлы-берлі жиі өтетін жаяу жүргіншілердің бірі: «Көшеде отыра қалып, сауда жасаған дұрыс емес. Бұл жерде онсыз да дүкендер көп. Қалалы жер болған соң, өркениетті қоғам болғаны жақсы емес пе?!» десе, енді бірі: «Өздерінің саудасын жүргізе берсін, бірақ айналасын таза ұстауы керек қой. Меніңше, мұндай базарлар қала сыртында болуы керек», – деп пікір білдірді.

Бүгінде Алмалы ауданының аумағында 8 базар болса, оның екеуі көріктендіруге жауапты мамандардың жүйкесін әбден жұқартып біткен. Құрылыс материалдарын бөлек, халық көп баратын көтерме сауда базарындағы да көрініс осы. Сатушылар өз істерінің заңсыз екенін біле тұра, саудасын тыймайды. Ал кешкісін айналаны қоқысқа толтырады. Жергілікті билік өкілдері жыл басынан бері 100-ге жуық рейд өткізіп, қала көркіне нұқсан келтірген және жабайы саудамен айналысқан жандарға 5 млн теңгеге жуық айыппұл арқалатыпты.  


Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы