Алматыда жыл басынан бері көріктендіру ережесін бұзған 7 мың 553 тұлға жауапқа тартылды. 4600-ден астам хаттама толтырылып, салынған айыппұл көлемі 101 миллион теңгеден асып жығылған. Жетісу ауданы аумағын тексеру барысында экологтар қоршаған ортаны күл-қоқысқа толтырған заңды тұлғаларды анықтады.
Бұл Көлікке техникалық қызмет көрсету орталығы артылған дүниелерін ауласына ғана емес, сыртқа да үйе берген. Шашылып жатқан көлік жабдықтары соның айғағы. Тұрғындар осы мәселеге қатысты талай рет аталған орын басшысының үстінен шағым түсіргенімен, пайда болмаған. Ал қоқыс контейнерлеріне мұндағы жұрттың-ақ тұрмыстық қалдықтары сыймай қалады.
«Айтылған нәрселердің бәрі дұрыс. Өзіміздің қол тимегендіктен, жалға береміз. Қоқыс та көңіл аудармағандықтан жиналып қалған. Айтылған нәрселерге толық келісемін. Бір аптаның ішінде ескертулерді түзетуге тырысамыз», – деп уәде берді кәсіпкер Ибрагим МАЙЛЫБЕКОВ.
Жергілікті бұқараның Пәтер иелері кооперативі төрайымына да көңілі толмайды екен. Оны айта-айта шаршаған жұрт күл-қоқысты өздері жинап жүргенін алға тартуда.
«Глобус» ПИК-қа қараймыз. Төрайымы Ғалия деген кісі, бірақ бізде ешқашан аула сыпырылмайды. Уақытында қоқыс алынбайды. Оның үстіне, мына жерде контейнер жетіспейді, тез толып қалады. Содан кейін қоқыстың барлығы жан-жағына шашылады. Осы жерде жүрген ит-мысық жан-жаққа қоқысты шашып тастайды. Сол қоқыс маңыгда балалар ойнайды», – дейді Жанәлі ТУЛЕЕВ.
Тазалық сақшылары жұмысына жүрдім-бардым қараған ПИК басшысына айыппұл салды. Үй ауласын лас ұстап, қураған ағаштарды дер кезінде тазаламағаны үшін кооператив төрайымына 72 мың теңгеге хаттама толтырылды. Сондай-ақ, аталған маңайда жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекеме иесі де жауапқа тартылды. Олар қауіпсіздік талаптарын сақтамаған, айналаны ластап, тұрғындардың жүріп-тұруына кедергі келтірген.
«Көлікке техникалық қызмет көрсету орталығына 72 мың теңге айыппұл салынды. Осы көшені қазып, жол жөндеп жатқан мердігерге 48 мың теңге айыппұл салынды. Олар ешқандай қауіпсіздік сақтамаған. Машиналардың дөңгелектеріне жабысқан батпақты жумай, көшеге шыққан. Олардың барлығына ескертілді. Айыппұлдар салынды», – деді Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Қайрат ТОҚТАСЫНОВ.
Алматыда жыл басынан бері қалалық экологтар көріктендіру ережесін сақтамаған 7500-ден астам тұлғаны анықтаған. Олардың басым бөлігіне 101 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Қалғанына ескерту жасалды.
Перизат Көмекбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы