Электр қуатын берушілер астаналықтардан 2,6 млрд теңгені артық алған

Электр қуатын берушілер астаналықтардан 2,6 млрд теңгені артық алған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Астанаэнергосбыт» елордалықтардан заңсыз түрде 2,6 миллиард теңге өндіріп алған. Бүгін еліміздің Бас прокуратурасында өткен алқа отырысында бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин осылай деді.

Жиында тариф белгілеуге қатысты бірқатар салалық проблемалар көтеріліп, Энергетика және Ұлттық экономика министрліктері тарапынан мемлекеттік бақылаудың тиісті деңгейде жүргізілмеуі талқыға салынды. Еліміздегі көптеген электр стансаларының ұзақ уақыт негізсіз тарифтер бойынша жұмыс істегені тексерулер барысында анықталған. Бұл әлбетте тұтынушылар үшін электр энергиясының бағасын жоғарылатуға әсер еткен. Энергия беруші және жабдықтаушы ұйымдар тарифтерді көтеру арқылы 29 млрд теңге мөлшерінде пайда тауыпты.  

«Астанаэнергосбыт» тарифті қалыптастыру кезінде электр энергиясын 11,8 теңгеден сатып алатынын көрсеткен. Алайда, іс жүзінде 2 есе арзанға сатып алған. Нәтижесінде, елорда тұрғындарынан 2,6 млрд теңгеге артық қаржы алынған», – деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей ЛУКИН.

Дәл осындай жолмен Атырау, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарындағы жабдықтаушылар да әрекет еткен. Олардың негізсіз тапқан пайдасы 1 млрд теңгені құрап отыр. Жиында бұдан өзге, тұрғындарға жылу есептейтін құралдарды орнату кезінде мемлекеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалғаны мәлім болды.

«Қарағанды облысы Саран қаласында орталықтандырылған жылудың жоқтығына қарамастан, 2015 жылы 215 млн теңгеге 274 жылу есептеуіш құралы орнатылған. Бұл әрекет бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Жалпы, тексеру нәтижесінде 15 лауазымды тұлға жіберген олқылықтар үшін жазаға тартылды. Монополистерге 159 млн теңге айыппұл салынды, 10 қылмыстық іс қозғалды», – деді Андрей ЛУКИН.

Новости партнеров