|
31.10.2018 | 18:42
8675

Маңғыстау облысында қайырымдылық жасаудан қаржы аямаған кәсіпкерлер марапатталды

Маңғыстау облысында қайырымдылық жасаудан қаржы аямаған кәсіпкерлер марапатталды

Маңғыстау облысында «алтын жүректі» кәсіпкерлер марапатталды. Жыл сайын өткізілетін шарада қайырымдылыққа қаражатын аямайтын қолы ашық жандар анықталады. Биыл үздік шыққандардың арасында қайырымдылыққа 100 миллион теңгесін жұмсағандар да бар. Жалпы, осы жылы өңірдегі кәсіпкерлер 7 миллиард теңгені игі істерге жұмсапты. Олар әлеуметтік маңызды нысандардың құрылысынан бастап, бас-аяғы 39 маңызды жобаны жүзеге асырған. Меценаттар форумы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтті.

Маңғыстау облысында туған жерінің өркендеуіне үлес қосып жүрген жергілікті кәсіпкерлердің еңбегін халыққа паш ету мақсатында «Алтын жүрек» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі биыл да өтті. Шараға қайырымдылықты асыл қасиет деп танитын кіл үздік іскерлер қатысты. Олар бюджеттің жүгін жеңілдетіп, өз қаражатына әртүрлі нысан салып, көптеген шараларды тегін өткізген. Яғни, облыста 12 спорт кешені, 4 мектептің жанында жатақханалар, тұрғын үйлер, ойын алаңдарын тұрғызып, игі істер атқарған. Жомарт кәсіпкерлердің қатарында маңғыстаулық Иса Бимырзаев та бар. Көпбалалы отбасыларға 13 жылдан бері жәрдем жасап келе жатқан кәсіпкер биыл ғана 6 миллион теңгеге қайырымдылық жасаған.

«Қазір табыс табу да оңай емес. Сол тапқан табысыңды бір жерге салып, оны үлестіріп, бір жақсы шараға бұйырса екен деп ойлаймыз. Сондықтан осы өзіміздің туған жерімізге, басқа да қаражат жетпей жатқан жерлерге көмектесетініміз рас. Сондай жақсылық жасап тұратынымыз бар. Жеке адамдар хатпен көп шығады, сондай-ақ, кішкентай балалары ауырып жатқан жас отбасылар да көмек сұрап жатады. Баланың көңілін қалдырмау үшін соларға көп көмектесеміз», – деді  кәсіпкер Иса БИМЫРЗАЕВ.

«2018 жылы біз 7-8 адамды ота жасатуға жібере алдық. Азық-түлікпен ай сайын көмектесіп жатырмыз және айына бір-екі шара өткізуді қолға алдық», – дейді тағы бір кәсіпкер Сәнім МУРАДОВА.

«Жыл меценаты», «Туған өлке», «Жыл тұлғасы», «Үздік ұйым» және «Ерен еріктілік» аталымдары бойынша үздік шыққандар марапатталды. Олар бір жыл ішінде 39 жобаны іске асыруға атсалысқан. Ал жылдың соңына дейін тағы 22 жоба аяқталады деп күтілуде.

«Өткен 2017 жылдың өзінде бізде облыс бойынша 9 миллиард теңгеге көлемінде көмек көрсетілді. Соның 1 млрд 200 млн теңгесі ғана бюджет ақшасы болды, қалған 7 млрд 800 млн теңге ақша демеушілерден келген болатын. Ол аз қаржы емес. Биылдың өзінде есеп бойынша 7 млрд теңге демеушілерден көмек ретінде түсіп отыр», – деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы ТОҒЖАНОВ.

Жеңімпаздарға аймаққа, елімізге белгілі адамдар сый тапсырып, шара соңы концертке ұласты. Жалпы, «Жомарт жүрек» акциясы тек Маңғыстауда жүзеге асырылып келеді. Келесі жылы да «Атымтай Жомарттардың» көмегімен 14 миллиард теңгеге 40 жоба жүзеге асырылмақ.


Айдана Мейрамбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир