Цифрландыру: смартфон арқылы дәрігерге жазылып, ем қабылдап, анықтама алуға болады

Цифрландыру: смартфон арқылы дәрігерге жазылып, ем қабылдап, анықтама алуға болады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Цифрландыру медицинаны өрге сүйрейді. Жыл басынан бері осы салада ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобилдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу мәселелері қолға алына бастады. Бүгінде әрбір қазақстандық үйде отырып-ақ, дәрігердің қабылдауына жазылып, медициналық анықтамаларды онлайн түрде алу секілді қызметтерге жүгіне алады.

Ғылым мен техника дамыған заманда күнімізді гаджет, смартфонсыз елестету мүмкін болмай кетті. Осы құралдар арқылы түрлі қызметтерді төлейміз, керек-жарағымызға тағы да осы құралдар арқылы тапсырыс береміз. Медицина саласы да бұл үдерістен қалыс қалып жатқан жоқ. Қазірдің өзінде емханалар мен ауруханаға бармай-ақ, дәрігердің қабылдауына жазылуға болады. Қосымшаны қолданып үлгергендердің сөзіне құлақ түріп көрелік.

«Маған бұл қосымша өте ұнайды. Өте ыңғайлы. Бұрыңғыдай кезек күтіп тұрудың қажеті жоқ. Кесте бойынша бүкіл дәрігерлердің жұмыс уақытын қарап отыруға болады. Дәрігерді де өзің таңдап, жазыласың. Тек сол уақытта келе алсаң, болды», – дейді Әсел САДУАҚАСОВА.

«Маған осы соңғы бағдарлама өте ұнайды. Қолайлы, бұрынғыдай кезекке тұрмаймыз. Қалаған дәрігерімізге қалаған уақытта жазылып немесе басқа дәрігерге ауыстыра аламыз», – дейді Нұрдәулет САҒЫМБАЕВ.

Тағы бір ерекше жаңалық – Электронды үкімет порталынан бірнеше анықтаманы алу мүмкіндігі. Олардың қатарында еңбекке уақытша жарамсыздық парағы мен туберкулезге қарсы, психоневрологиялық және наркологиялық ұйымдарда есепте тұрғаны туралы анықтама сынды құжаттар бар.  

Сондай-ақ, қолыңыздағы ұялы телефон ғаламторға қосылған болса, бейнеконференция арқылы дәрігердің бақылауымен қажетті дәрілерді қабылдауға болады. Оны әсіресе, туберкулез дертіне шалдыққандар пайдаланады. Ең бастысы, ешқайда барудың қажеті жоқ.

«Ем қабылдап жатқан кезде, дәрі ішердің алдында науқастар маған хабарласып жатады. Дәрілерін атап, қандай дәрі ішіп жатқанын көрсете алады, тек дәрі ішетін ыдысы мөлдір түсті болуы, таблеткалардың бәрі экраннан көрініп тұруы керек. Қолын ары-бері қозғалтпауы тиіс, сондай-ақ, атын, тегін, дәрі ішу мезгілін, уақытын айтады», – деп түсіндірді Алматы қалалық Фтизиопульмонология орталығының мейірбикесі Нұргүл ДҮЙСЕБАЕВА.

Жүріп-тұруы мен қозғалуы қиын науқастарға фтизиопульмонология орталығының мобилді тобы көмектеседі. Олар қажетті дәрілердің ішу уақытын қадағалайды. Қазір қаладағы сегіз аудан бойынша 3 мобилді топ бейнеконференциямен сөйлесе алмайтын, тірек-қимылында қиындығы бар науқастарға көмек көрсетуде.

Бүгінде ел көлемінде туберкулезді түрлі заманауи құралдармен емдеу жолға қойылып келеді. Аты жаман дертті бұрынғыдай бірнеше ай ішінде емес, екі сағатта анықтауға мүмкіндік бар.  

«5-10 жыл бұрын туберкулезді анықтау үшін жасалған сараптаманың нәтижесін 2 жарым ай күтетінбіз. Ал қазір заманауи технологиялар оны ары кетсе, 2 сағаттың ішінде анықтауға мүмкіндік береді», – дейді ҚР ДСМ «Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының» директоры Мәлік ӘДЕНОВ.

Жыл соңына дейін әрбір азаматқа жеке электронды кабинет құрылады деп Денсаулық сақтау министрлігі бірнеше рет мәлімдеген болатын. Ол жерде адам туылғаннан қазіргі күніне дейінгі барлық мәлімет сақталады, жекелеген қызмет жұмысы автоматтандырылады. Яғни, әр науқас қай дәрігерге қашан және қай уақытта тіркелу керек екенін, уақытын, қаражатын үнемдей отырып электронды тапсырыс беру арқылы жүзеге асырады.

«Бізде қазір жаңа портал ашылды. Электронды жүйе дәрігерлерімізге, медбикелерімізге өте ыңғайлы болуда. Тіпті, науқастарымызға да ыңғайлы. Олар тағайындалған дәрілерін, анализ қорытындыларын дер кезінде ала алады. Бәрі біртіндеп қағазсыз жүйеге көшуде», – деді Алматы қаласы ШЖҚ МКК №4 емхананың бас терапевті Лаура ДҮЙСЕНОВА.

Сонымен қатар елдегі денсаулық сақтау саласын цифрландырудың бірден-бір тетігі ретінде биылғы маусым айынан бастап енгізілген Электронды денсаулық паспорты жобасын айтуға болады. Электронды денсаулық паспорты арқылы дәрігерлер пациенттің денсаулығына қатысты барлық ақпаратты ала алады. Емделушілер де аталған ақпараттармен таныса алады.

Сонымен қатар азаматтар медициналық ұйымның көрсеткен қызметін де бағалайды. Бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген уақытта керек дүние. Себебі, халықтық бақылау қосымшасы арқылы нарықта ең мықты деген мекемелер қалады. Бұл сапалы медициналық көмек көрсету үшін өте маңызды дейді жауапты министрлік. Енді бізге дәрігер қабылдауын бірнеше сағаттап күтпейтін, жедел жәрдем қызметінің жеделдігін көретін, ауруханаға емделуге кедергісіз келетін күн де алыс емес. 

Азамат Әуезхан, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров