Жаңа жыл қарсаңында Алматыда болған жол апатынан аман қалған Әуезов театрының актрисасы Айзада Сатыбалдиеваның жағдайы әлі де ауыр. Бұл туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
Науқас қазір қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.
Еске салайық, 29 желтоқсанда Абай және Сейфуллин көшелері қиылысында болған апаттан актриса Шолпан Елгезекова мен оның құрбысы және көлік жүргізушісі қаза тапты. Кейін жол-көлік оқиғасының бейнекадрлары жарияланды: Mitsubishi Galant көлігі бағдаршамның жасыл түсі жанғанда Сейфуллин бойымен қозғалысты бастаған сәтте оны Абай даңғылы бойымен аса үлкен жылдамдықта жүйткіген Mercedes Gelandewagen дәл бүйірден соққан. Мерседес жүргізушісі іле-шала оқиға орнынан қашып кеткен. Бірақ тәртіп сақшылары оны қолға түсірді.
«Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. 345-ші бапты 4-ші тармағы, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол апатын болдыру дерегі бойынша, сонан соң, 347-ші баптың нормалары бойынша, яғни жол көлік оқиғасынан бой тасалағаны үшін де жауап беретін болады», – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Айта кетейік, қаза тапқан актриса Шолпан Елгезекова Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ драма театрында жұмыс істеген. Ал жеңіл көлік жүргізушісінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі екені анықталды. Оның Қытайда тұратын туыстары жерлеуге де қатыса алмады. Бақытнұр Құнапияұлының өзі Қазақстанға 2002-ші жылы қоныс аударған.