Алматылықтар ақпаннан бастап коммуналдық қызметтер ақысын төмен бағамен төлейді

Алматылықтар ақпаннан бастап коммуналдық қызметтер ақысын төмен бағамен төлейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылықтар төмендетілген коммуналдық қызмет тарифі бойынша түбіртекті ақпан айынан бастап алады.

Осы жылы 1 қаңтардан бастап қалада газдың бағасы 16 пайызға, су бағасы 10 пайызға, жылу 18 пайыз, жеделсатыларды ұстау шығыны 8,5 пайызға төмендетілді. Сонымен қатар, мұндай жұмыстар электр энергиясы тарифін төмендету бағытында да қолға алынған.

«Өткен жылы «Нұр Отан» партиясымен және прокуратурамен бірігіп, 4,5 миллиард теңге қайтарыла бастады. Оны кеңінен таратып айтып өтсек, мәселен, «АлматыЭнергосбыт» – 1,4 миллиард теңге, «Алатау Жарық компаниясы» – 2,1 миллиард теңге, «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы – 500 миллион теңге, «Алматы су» компаниясы – 326 миллион теңгені мақсатты түрде пайдаланбаған», – деді Алматы қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мақсұт ИСАХОВ.

«Жүргізген талдау көрсеткендей, 1 бөлмелі пәтерге 1,5- 2 мың теңге, 2 бөлмелі пәтерге 2,5-3 мың теңге, 3 бөлмелі пәтерге 3,5-4 мың теңге үнемдейтін болады. 1 бөлмелі пәтер иесі орташа есеппен, 15 мың теңге төлеген болса, енді 14 мың және 13 мың теңге аралығында төлейді. Қалған шаршы метр бойынша да төмен баға шығады», – деді Алматы қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Болат САМБЕТОВ.

Алдағы уақытта газдың бағасы тағы да төмендетілуі мүмкін. Өткен жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамында заңбұзушылықтар анықталыпты. Компания амортизациялық шығындарға жұмсалу тиіс қаржыны мақсатсыз пайдаланған. Оның көлемі 1,5 миллиард теңгені құрап отыр. Қазір осыған қатысты сот жүріп жатыр. Бұл жөнінде де Бәсекелестікті және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы айтты.


Новости партнеров