Кәдеге жараған ескі шамдар. Алатау ауданындағы бұрын-соңды жарық болмаған 15 көше жарықпен қамтылмақ. Қаланың орталық көшелерінен алынған ескі бағаналар ешқашан жарықтандырылмаған жерлерге орнатылып жатыр. Алатау ауданындағы жарықтандыру жұмыстары қашан аяқталады?
Алатау ауданына орнатылатын жарық бағаналары бұрын қаладағы қайта жаңарған Абай, Абылай хан және Назарбаев даңғылдарына жарық беріп тұрған шамдар. Ал бұл көшелердегі шамдар энергия үнемдейтін, диодты жарық көздері бар лампаларға ауыстырылған болатын. Пайдаға жарап жатқан ескі бағаналар әлі талай жыл жарық беріп тұрады дейді мердігерлер.
«Бүгінде 149 таған Фариза Оңғарсынова көшесіне орнатылды. Енді шамдары орнатылады. Екінші кезекте Өтемісұлы көшесі тұр. Ол жаққа 49 таған орнатып қойдық, қазір шамдарын жүргізіп жатырмыз. Ауданда жарықты қажет ететін 15 көше болса, оның екеуіне 200-дей таған орнатып тастадық. Енді жыл соңына дейін тағы екі көшеге орнатып шығамыз», – деді мердігер компания директорының орынбасары Саян ӨТЕУОВ.
Орнатылып жатқан ескі тағандардың барлығы да алдын-ала боялып, кем-кетігі түзеліп келеді екен. Бір қарағанда жаңасынан еш айырмашылығы да жоқ. Алдағы апта жарық шамдарын орнатып, осы айдың соңына дейін іске қосамыз дейді мердігерлер. Қалған көшелердегі жұмыстар жылдың соңына дейін толық аяқталып, жергілікті тұрғындарды қуантпақ.
«Қазіргі уақытта Алатау ауданыны бойынша 15 көшеде 730 көше шам жарық шамдарын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл 15 көшеде бұрын ешқандай жарық шамдары болмаған. Бұл көшелер Алатау ауданындағы маңызды, көлік және жаяу жүргіншілер көп жүретін үлкен көшелер», – деді Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігі көріктендіру бөлімінің басшысы Төребек БАЙЫМБЕТОВ.
Алатау ауданын жарықтандыру жұмыстарына 180 млн теңге бөлінген. Көшелердің жалпы ұзындығы 24 шақырымды кұрайды. Айта кетейік, жыл аяғына дейін Алматыда 24 мыңнан астам жарық көздері энергия үнемдейтін және жарықдиодты шамдарға ауыстырылады.
Тоғжан Жалғасбекқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы