«Көкжиек» ықшамауданындағы өртке оранған үй тұрғындарына тұрмыстық техникалар берілді

«Көкжиек» ықшамауданындағы өртке оранған үй тұрғындарына тұрмыстық техникалар берілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Алматыдағы «Көкжиек» ықшамауданындағы өртке оранған үйдің тұрғындарына тұрмыстық техника табысталды. Қазір зақымданған үйлердің іші мен сырты толыққанды жөндеуден өткен. Ал тамыз айында тілсіз жаудан зардап шеккен отбасылар пәтерлеріне көшіп келіпті. Тұрғындар қала әкімдігі басқа түскен мәселеге бей-жай қарамай, қайта қолдан келгенше көмектескенін айтады. Сондықтан билік басындағыларға алғыстан басқа айтарлары жоқ.  

Көктемде пәтерлері өртеніп кеткен отбасылар қалалық «Нұр Отан» партиясының Жетісу аудандық бөлімінің қабылдауына жазылып, уәждерін айтқан. Онда олар тұрмыстық техника алуға қолұшын созуды сұраған екен. Билік басындағылар айтқан өтініштерін аяқсыз қалдырмады. Жергілікті әкімдік еліміздегі техника сататын компаниямен бірігіп, жақсылық жасауды жөн деп шешкен. Бүгін тілсіз жаудан зардап шегіп, пәтерлерінің түгі қалмай өртенген 12 отбасыға тоңазытқыш пен теледидар тарту етілді.

«Біздің басшылық өрттен зардап шеккен отбасыларға көмектесу идеясын бірден мақұлдап, қолдады. Пәтерлер толық жөндеуден өтіп, тұрғындардың орналасып алуын күттік. Енді міне бүгін өздері таңдаған техниканы әкеліп отырмыз. Әрқайсына зауыттан берілген 1 жыл кепілдік қағазын таратып бердік. Тұрмыстық техниканы игіліктеріне пайдалансын», – деді компания өкілі Лев ЦОЙ.

Тұрмыстық техника алғандардың қатарында ұстаз Ләззат Батырхан да бар. Ол биыл «Көкжиекте» өрт болған күні үйде анасымен болғанын айтады. Жалын шарпыған пәтерінен құтқарушылар құтқарып қалған. Сол кезде үйіміздің іші өртке оранып, түгі қалмай жанып жатты дейді. Бүгінде әкімдік көмектесіп, пәтердің ішін толық жөндеуден өткізіп берген.

«Біз қиыншылықты аса сезіне қоймадық. Бала-шағамызбен арнайы пәтер жалдап тұрдық. Ол пәтердің ақшасын әкімшілік өзі төлеп берді. Келген көмектерден деді. Содан жаз бойы үйімізге ремонт жасалып, 30 тамыз күні үйімізге қайтадан кірдік. Үйімізді түгел барлық жерін ортасындағы бөлініп тұрған темірін түгел алып, қайтадан барлығын жасап берді», – деді Ләззат БАТЫРХАН.

Сондай-ақ, 48 отбасыға 7 миллион 720 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілген. Алматы қаласының Төтенше жағдайлар қорынан 126 миллион теңге толықтай жанған 11, жартылай жанған 1 пәтерді қалпына келтіруге бөлініпті.

«Нөмірі 32 және 33-ші екі үйді алғанда негізі, 76 пәтер бар. Соның ішінен 16 пәтер оттан зардап шекті. Соның барлығын санап, 16 пәтер ішінен ЖШС мен фирмаларға тиесілі 4 пәтерден өзгесін өзіміз жасап бердік. Кәсіпорындардың ақшасын санағанда 10 млн теңгеден астам қаражат кетті», – деді Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Мұхтар ТӘЖІБАЕВ.

Еске сала кетейік, 5 сәуір күні «Көкжиек» ықшамауданындағы тұрғын үйден өрт шығып, 300 адам қауіпсіз жерге көшілірген болатын. Қызыл жалын 5 қабатты үйдің бет жағын жалмаған. Жалынды сөндіруге 70-тен астам маман мен 20 арнайы техника жұмылдырылған еді. Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, өрт мың шаршы метрді зақымдаған.


Жадыра Омаржан, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров