«Нұр Отан» партиясына Алматының жас тұрғындары мүшелікке алынды. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары, дәрігерлер, ғалымдар мен журналистер бар.
Партияның жаңа мүшелері қаланың дамуы үшін, жұдырықтай жұмылып жұмыс істеуге ниетті еткен. Бүгін қала әкімі Бауыржан Байбек жастардың қолына партиялық билеттері мен тиісті сертификаттарын табыстады.
«Нұр Отан» партиясы билеуші партия ретінде көп жұмыс атқарып келе жатыр. Елбасы – біздің партиямыздың лидері. Келесі жылы партияның 20 жылдығын атап өтетін боламыз. «Нұр Отан» партиясының мақсаты – Тәуелсіздігімізді нығайту, халықты біріктіру, дамыған мемлекеттердің арасына ену үшін жұмыс істеу. Ол үшін барлығымыз берік болуымыз керек, тұтас болуымыз керек. Сондықтан ел абыройын асқақтатып жүрген сіздерге үлкен үміт арта отырып, Елбасы саясатын іске асырушы партия мүшесі болатындарыңызға сенім білдіреміз», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Салтанатты жиын кезінде шаһар басшысы «Нұр Отан» партиясының жаңартылған филиалымен танысты. Жаңа кеңсе жөндеуден соң тұрғындарға барынша ыңғайлы болған. Жыл сайын партияның кеңсесіне 10 мыңнан астам адам келіп, тиісті көмек пен кеңес алады. Халыққа ыңғайлы болу үшін мұнда электрондық үкімет терминалдары қойылған. Енді партияның жаңа мүшелері де ұйымның жұмысын жетілдіруге өз үлестерін қосады.
«Бүгін Елбасымыз басқарып отырған партияға қосылу үлкен мәртебе болды. Мен бұл үлкен жауапкершілік екенін сезініп отырмын. Себебі, «Нұр Отан» партиясы біздің еліміздің патриот күші. Ол әр кезде «Жасұлан», «Жас қыран» сынды жастар ұйымымен, «Жас отан» бірлестігімен жұмыс істеп, сондай-ақ ардагерлерді қолдап келеді. Сол себепті, бұл мен үшін үлкен жауапкершілік және мәртебе», – деді «Нұр Отан» партиясының мүшесі, журналист Оксана ДРАЧЕВА.