Алматы қаласы мәслихат депутаттығына кандидат Асхат Шілікбаев Жетісу ауданы тұрғындарының назын тыңдады. Үміткердің сайлауалды бағдарламасымен танысқан жұрт аула тазалығын қадағалап, жолды жөндеп беруін сұрады. Асхат Қашқынбайұлы жергілікті халықтың өзге де ескертпелері мен сұрақтарын ескеретінін айтып, барлық мәселені түртіп алды.
«Маған бұл жерде міндетті түрде жарықтандыру жұмыстарын, су мәселесін, жолдарды күрделі жөндеуден өткізу мәселелерімен айналысу керек. Қараусыз қалған ғимараттар өте көп. Ол мәселені шешу керек, не қалпына келтіру немесе тазалау керек. Сүйінбай көшесіндегі теміржол вокзалында орналасқан тұрғын үйлер маңындағы қоқыстарды тазартып, аздап бос кеңістік жасаған жөн», – деді Алматы қаласы мәслихат депутаттығына кандидат Асхат ШІЛІКБАЕВ.
Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездескен үміткер Гүлнас Кенжетайқызына жиналған жұрт сан сауал жолдады. «Қайрат» ықшамауданының тұрғындарын ең алдымен қауіпсіздік мәселесі алаңдатып отыр. Тұрғындар бейнебақылаудың жоқтығынан үйімізден ұзай алмаймыз дейді. Ықшамауданда әлі күнге дейін аты жоқ көшелер де көп екен. Өз кезегінде кандидат өзекті мәселерді жазып алды.
«Қазір жас «Қайрат» ықшамауданындамыз. «Қайрат» ықшамауданы 2013 жылы Алматы қаласына қосылған. Осы қысқа мерзімнің ішінде біраз нәрселер жасалды. Жарық, газ, су қосылды. Дегенмен, тұрғындардың айтуы бойынша әлі де көп мәселелер бар. Егер мен депутат болып сайлансам, сол мәселелерді шешуге көмектесуді алдыма мақсат етіп қояр едім», – деді Алматы қаласы мәслихат депутаттығына кандидат Гүлнас АХМЕТОВА.
Сондай-ақ, қала мәслихатына үміткер Михаил Грачев округ тұрғындарының уәжін тыңдады. Халықты автобустар саны, жол сапасы, көшені жарықтандыру және демалатын орын тапшылығы алаңдатуда.
«Бұл ауданның мәселелерін бірінші кезекте қарау керек деп ойлаймын. Өйткені, халықтың айтқандары орынды. Бұл жерде қоғамдық көлік жайы өте өзекті болып тұр. Халық округте автобус жеткіліксіздігін айтты. Жаңа бағыттар қосылса, тұрғындар оңай қатынайтын еді», – деді Алматы қаласы мәслихат депутаттығына кандидат Михаил ГРАЧЕВ.
Айта кетейін, қалалық 3 мәслихат депутатының бос орындарына 9 кандидат сайлауға түсуде. Оның үшеуі әйел адам. Ал сайлау 28 қазанда Түрксіб және Жетісу аудандарында орналасқан 3 округте өтеді.