Алматыда кәріз суын қала іргесіне төгіп кететін ассенизаторларға тыйым болмай тұр

Алматыда кәріз суын қала іргесіне төгіп кететін ассенизаторларға тыйым болмай тұр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда кәріз суын қалтарысқа төгіп кете беретін ассенизаторлар азаймай тұр. Ал ешқандай рұқсаты жоқ көлік иелерімен күресуге экологтар қауқарсыз. Арнайы орынға бармай-ақ, арам суды ауыл іргесіне шашатын ассенизаторлардың саны жарты мыңнан асады.  

Жеке үйлердің құдығындағы арам суды сорғызып, көлігімен күн көретін жігіттің бірі – Ардақ. Айтуынша, КамАЗ-ымен бір сәтте бірнеше үйдің ауласындағы қалдықты алып кетеді. Бірақ арнайы орындарға барғанды алыссынып, зиянды сұйықты жол-жөнекей рұқсатсыз орындарға төгіп кететінін жасырмады.  

«Тұздыбастау», «Думан», «Қайрат», осы "Қызылтудың" ішінен клиенттер табылады. Клиентпен келіскеніме байланысты 7 мың, 8 мың теңге аламын, әр кезде әрқалай», – дейді Ардақ ӘБДІРАЕВ.  

Құлжа тас жолының бойында заңсыз кәріз суын төгуге арналған мына жерде әрбір көліктен 1 мың теңгеге дейін ақы алынады. Бірақ ақша табуды ғана мақсат қылған заңсыз орынның қожайыны айналасын ластап, табиғатқа да, тұрғындарға да кеселін келтіріп отыр. Ал сәт сайын нәжіс суын тонналап тасып жатқан аумақтағы заңсыздықты тоқтатуға «Алматы Су» мекемесінің жұмысшылары жігерсіздік танытып келеді.

«Талғар ауданының жеріне қарайды, бұл облыстық жер. Осы жерден өтетін кәріз суының құбыры «Алматы Судың» коллекторына қарайды. Бұл кәріз суын қабылдауға арнайы дайындалмаған жер. Қолмен жасалған аумақ. Бұл жерде стандартқа сай жұмыс жүруі тиіс. Қазір керісінше, заңсыз жұмыс істеп жатыр», – деді «Алматы Су» МКК бас маманы Нұрлан БОПАЗОВ.

Алматыда арам суды тасуға арнайы рұқсаты бар 200-ге жуық ассенизатор көлігі болса, қалдықты кез келген жерге төгіп кететін көліктердің саны жарты мыңнан асады екен. Бірақ оларды арнайы аңдып, тұрақты айыппұл салуға жауаптылардың жігері жетпейді. Мәселен, мына жерде заңсыздық әрекетті көрініп тұрса да, ешкім оны тоқтатуға тырыспады. Ал «қой дейтін қожа» қауқарсыздық танытқандықтан, оңай жолмен жүретін ассенизаторлар азаймай тұр.

«Алматы Судың» құзіретінде ондай өкілеттілік жоқ. Бұлай жалғаса берсе, құбырымыздың бітелуіне әкеліп соғады. Алматы қаласының экологиялық жағдайына әсер етеді және мынау құбырдың жұмыс істеу қабілетін азайтады», – дейді «Алматы Су» МКК экологі Айдын САҒЫНБЕКОВ.  

Қалада қалдық суларды қабылдайтын арнайы бес аппарат қойылған. Төгілген әр текше метр су үшін небәрі 28 теңге ғана алынады. Бірақ жүруге ерініп, қалт еткен орынға қалдықты қотара салатын адамдарға 20 АЕК-ке дейін айыппұл салынады деп бекітілгенмен, оны орындап жатқан жан аз. Ал Алматының айналасындағы ауылдарды қоспағанда, қала жұртының 20 пайызға жуығы ассенизаторлардың жұмысына жүгінеді екен.


Әмірболат Құсайынұлы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы  


Новости партнеров